Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

05 наурыз 2012

799

Жаңалықтар

АСТАНАДА ЕУРАЗИЯ МҰСЫЛМАН ҒҰЛАМАЛАРЫНЫҢ ФОРУМЫ ӨТТІ

2018 жылы наурыз айының 2 жұлдызында Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Еуразия кеңістігіндегі Ислам өркениеті: өткені, бүгіні және болашағы» атты тақырып аясында Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы өтті.

Халықаралық форумға ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Сенат және Мәжіліс депутаттары, зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Еуразияның 21 елінен 35-тен астам делегат, еліміздің беделді дін ғалымдары мен Ғұламалар кеңесінің мүшелері, жалпы 250-ден астам адам қатысты.

Аталмыш форум аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты "Халал Даму" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұжымы Литва мемлекетінің мүфтиі Ромас Якубаускас және Беларусия елі мүфтиінің орынбасары Рустам Хасеневич мырзамен кездесу өткізді. Кездесу барысында ҚМДБ, қажылық және халал стандарттау бөлімінің меңгерушісі, әрі "Халал Даму" ЖШС-ның директоры Бейбіт Әліпбекұлы шет елден келген делегаттарға Қазақстандағы халал индустриясының даму үрдісін, жоспарын, болағашын таныстырып өтті. Халал сертификаттау саласы бойынша бірнеше өзекті мәселелер талқыланды. Келіссөз соңында екі ел арасындағы халал стандарттау және сертификаттау саласы бойынша ынтымақтастықты нығайту және  өзара мойындау туралы екіжақты меморандумға қол қойылды.

Жалпы, Халықаралық форумның мақсаты мен міндеті – жаңа замандағы мұсылман қауымының жауапкершілігі мен өзара түсінігін қалыптастыру, әлемдегі сын-қатерлерге жауап беру, бүгінгі мұсылман үмбетінің діни экстремизм мен терроризмге қарсы иммунитетін арттыру, ортаазиялық тарихи діни мектептің рөлін арттыру, Елбасының «Рухани жаңғыру» бастамасына орай қазақ топырағынан шыққан әлемге танымал діни тұлғалардың еңбегін насихаттау, Еуразия елдерінің ортақ пәтуалар базасын қалыптастыру, Еуразия кеңістігінде діни ықпалдастық пен рухани қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосу, т.б.

Форум жұмысы соңында «Бүгінгі мұсылманның келбеті» құжаты қабылданып, жиынға қатысушылардың Қарары жарияланады.

Бөлісу: