ҚМДБ ӨКІЛІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ САММИТІНЕ ҚАТЫСТЫ (ФОТО)
Қазан қаласында «Ресей-Ислам әлемі: KazanSummit» халықаралық экономикалық саммиті өтуде. Аталған халықаралық басқосуға 50-ден астам елден 3 мыңға жуық делегаттар қатысуда.
Жиынның мақсаты - Ресей мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ) арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік және мәдени байланыстарды нығайту.
3 күнге созылған шара Ресейдегі ірі «Russia Halal Expo» профильдік көрмесінің ашылуымен басталды. Көрмеде Ресейден, ТМД елдерінен және шет елдерден келген өндірушілер халал өнімдер және қызметтерін таныстырды. Сондай-ақ көрмеге Қазақстанда SULU атымен танымал иіс сабын өндіретін «Адал Плэнт» ЖШС компаниясы қатысып, өз өнімдерін көрмеге ұсынды.
Форумның бас спикерлері арасында Ислам ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Юсеф бин Ахмад Әл-Осеймин, Біріккен Араб Әмірліктерінің Экономика министрі Султан Бин Саид Әл-Мансури, Сауд Арабиясы Сауда және инвестициялар министрі Маджед бен Абдалла Әл-Касаби, Түркия экономика министрі Нихат Зейбекджи, Дубай Ислам банкінің бас директоры Аднан Чилван, Ислам даму банкінің вице-президенті Замир Икбаль, т.б. тұлғалар бар. Форум аясында ҚМДБ Халал стандарттау бөлімінің меңгерушісі әрі «Халал Даму» ЖШС-ның директоры Бейбіт Әліпбекұлы сертификаттау және аккредиттеу ұйымдарымен кездесу өткізіп, өзара тәжірибе алмасты.