Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

07 маусым 2018

2342

Жаңалықтар

Халал мен харамды қалай ажыратуға болады?

Халал сертификаты қандай құжат? Жаратушымыздың адамзатқа пайдалануға рұқсат еткен нәрселері «халал» саналады. Аллаға Тағала Құран Кәрімде: «Әй, адамдар, жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасын жеңдер!»- деп бұйырады.(Бақара сүресі, 168 аят) Әбу Абдулла Нуғман ибн Башир (р.а.): «Мен Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, халал (нәрселер) белгілі және харам (нәрселер) белгілі. Ал, бұлардың (халал мен харам) арасында адамдардың көпшілігі білмейтін шүбәлі нәрселер бар. Шүбәлі нәрседен сақтанған адам өз дінін және өз абыройын (сақтау) үшін (одан) арылады. Ал, шүбәмен айналысушы адам харамға да баратын болады. Өйткені, ол әне-міне кіріп кеткелі тұрған қойларын қорық маңында бағып жүрген шопанға ұқсайды. Әр патшаның өз қорығы бар. Алла Тағаланың қорығы—адамдарға тыйым салған нәрселері. Ақиқатында, адам денесінде бір кесек ет бар, ол жақсы болса, бүкіл дене жақсы болады. Ол жаман болса, бүкіл дене де жаман болады. Шын мәнінде, ол—жүрек»,—дегенін естідім»,—деген. (Бұхари, Муслим) Сол себепті , ең бірінші Алла алдындағы, екінші адамдар алдындағы жауапкершілігіміздің жүгін сезініп, кез-келген мекемеге «халал сертификатын» табыстар алдында қатаң тексерістен өткізіп, бекітілген стандартқа сай жұмыс атқаруын басшылыққа аламыз. ҚМДБ-ның «Халал» сертификаты барша мұсылман қауымының сенімін арқалайтын құжат болғандықтан,«Халал Даму» ЖШС тарапынан кәсіпорындар мен мекемелерді тексеру барысында  кәсіпорынның қызметі, тағам өнімдерінің құрамы халал стандарты талаптарына сай болуына, құжаттарының дұрыстығы үнемі қадағаланып, тексеріліп отыруына аса мән беріледі.

Сертификаттың берілу тәртібі қандай?

Кәсіпорынның «Халал» сертификатын берер алдында мынандай тәртіптер басшылыққа алынады:

  1. Кәсіпкер алдымен «Халал Даму» ЖШС директорының атына өтінішін, заңды құжаттары мен өнім үлгілерін (проба) жолдайды;
  2. Тараптар арасында «Халал» өнім өндіру және қызмет көрсету бойынша консалтинг өткізу туралы келісім шарт жасалады;
  3. Кәсіпорынның құжаттары бекітіледі, сертификаттау тәсілі анықталады;
  4. Сарапшылар комиссиясы кәсіпорынның жұмыс барысымен, өндіріс тәсілдерімен, шариғат талаптарына сай болу деңгейін анықтайды.
  5. Өнім үлгілерінің құрамы анықталады. Ол үшін біз Қазақстан-Жапон инновациялық генетикалық модификацияланған зертханамен келісімге отырып, бірлесіп жұмыс жасаймыз. Бұл зертхананың технологиясы заманымыздың ең мықты деген зертханалардан кем емес. Өнімнің құрамында өте аз мөлшерде де доңыздың ДНҚ-сын анықтап бере алатын мүмкіндікке ие.
  6. Туындаған сұрақтар бойынша, соныменқатар фиқһ мәселесі бойынша кеңес беріледі;
  7. Сарапшы комиссиясының қорытындысы шығады;
  8. Мекеме өнімдері мен қызметін бағалайтын актілер бойынша шариғи қорытынды дайындалады;
  9. Кәсіпорнының қызметкерлеріне ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС ұйымы туралы, халал ережелері, стандарт жайында ақпараттар беріледі. Оқу семинарлары, тренингтер өткізіледі, оқу призентациялары мен бейне видеолар ұсынылады;
  10. Кәсіпорынға тұрақты бақылаушы жауапты тұлға бекітіледі;
  11. Акт жасалады;
  12. Сертификат табысталады.     Біздің, яғни, ҚМДБ «Халал Даму» мекемесінің халал сертификатын иемденіп, «Халал Даму» логотипі бар тамақтанатын орындар көбейіп кетті. Оның себептері көп. Бірақ, біз, алдын алу мақсатында бірнеше жұмыстар жүргізудеміз. Мәселен, БАҚ арқылы халыққа «халал және харам» турасында көптеп түсіндіріп, ақпараттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұрынғыға қарағанда халықтың «халал, харам» жөнінде білімі молайып, тұтынатын өнімдерінің халал немесе харамдығына аса ұқыптылық танытудамыз. Сондай-ақ, халал асқа сұраныстың артқандығын байқаған тамақтану орындары халал стандартқа сай жұмыс істеп, сараптамадан өтуге өтініш білдіруде. Бұл атқарылып жатқан жұмысымыздың нәтижелі көрінісі деп ойлаймыз.

    Харам мен халалды қалай ажыратуға болады?

    «Халал» сөзі араб тілінен аударғанда қазақ тіліндегі «адал» деген сөзге саяды және ислам шариғаты бойынша дұрыс, рұқсат етілген дегенді білдіреді. Әрбір мұсылман және діннен сәл де болса хабары бар адам халал мен харамның орнын біледі. Бұл үкімдер Алланың әмірлерінен туындаған және оны өзгертуге ешкімнің хақысы жоқ. Ал базарларда сатылатын еттің адал не арам екенін анықтап білу тұтынушыларға қиындық туғызатыны рас. Әлбетте, оны әрдайым тексеріп, қадағалап отыратын ұйымның жоқтығы, қайсысының адал, қайсысының арам екенін айыра білу мүмкін еместігі баршаға мәлім. Дегенмен, 2016 жылы ҚМДБ-ға қарасты «Халал Даму» ЖШС ұйымы «Қасапшылық – сауапты һәм жауапты іс» атты бағдарламаны қолға алды. Бүгінде бұл бағдарлама барлық қалаларда жүргізіліп келеді. Қасапшылар оқу-семинардан өткеннен кейін арнайы емтихан тапсырып, жеке бас мөрі, куәлігі және сертификат табысталады.  Еліміздегі барлық мал союшыларды осы бағдарламадан өткізу арқылы келешекте сол қасапшылардың мөрі қойылған ет өнімдерін барлық жерден кездестіре аламыз деген үміттеміз. Халал өнімді анықтаудың бірден-бір жолы – оның құрамына мән беру. Алайда соңғы кезде әлеуметтік желілерде «Е» тағамдық  қоспалары туралы мағлұматтар жиі кездесіп, оның ішінде мәліметтердің бір-бірімен сәйкеспей, адамдарға түсініксіз болуына байланысты ҚМДБ «Халал-Даму» ЖШС әлемдік және Малайзияның, Индонезияның тәжірибелеріне сүйене отырып халал-харам үкімін беру үшін емес, «Рұқсат етілген», «Рұқсат етілмеген», «Күмәнді» деп «Е» тағамдық қоспалардың кестесін ұсынды.

    Шұжық халал өнім санала ма?

    Қазіргі таңда азық-түліктерді күрделі жолмен әзірлейтін түрлі өнімдер мен қоспалар бар. Мұндай әртүрлі қоспалар әрбір мұсылманға күмән тудыратыны хақ. Қаншама шұжық цехы өнімдерінен доңыз ДНҚ-сы анықталып жатқанына көз жеткізудеміз. Осы орайда, зерттеу ісімен айналысатын арнайы мамандардың көмегіне мұқтаждық туындайды. Сондықтан да, халал стандарттау саласы мамандарының атқаратын қызметі маңызды. Жоғарыда айтып өткендей,Алматы қаласында орналасқан «TreeGene» молекулалық-генетикалық зертханасы мен «КазНИВИ» Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты зертханасымен тығыз байланыста жұмыс жүргізілуде. Аталмыш зертханадаосы уақытқа дейін 840 өнім зертханалық тексерістен өткізілді. Оның 110 өнімінен доңыз ДНҚ-сы анықталып отыр. Әлбетте басым көпшілігі шұжық цехтарынан анықталып отыр. Тексеріс барысында  шұжықтарға қосылатын барлық тағамдық қоспалар сараптамадан өтеді. Шариғат бойынша рұқсат етілмеген қоспалар анықталған жағдайда, дереу орнын басқа тағам қоспасымен ауыстыру ұсынылады.

    КFС өніміне халал сертификат қалай берілді?

    Еліміздің «KFC» мейрамханаларында қызмет етіп жатқан қызметкерлердің барлығы да ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС-ның арнайы оқу семинарына қатысып білім алған, халал ережелерімен танысқан. Қызметкерлеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Бұл оқыту бағдарламасы Қазақстандағы барлық «KFC» орындарында жүзеге асты. ҚМДБ-ның «Халал» сертификатын алған «KFC» мекемелері мен басқа да кәсіпорындары ай сайын ҚМДБ тарапынан тұрақты түрде тексеріледі. Азық-түліктері мен сақталатын қоймалары да тексеріліп тұрады. Тасылмалдау аса маңызды. Сол көліктердің əрбір партиясына айы, күні, жылы көрсетіліп, мөр соғылады. Жіберілген партияны сол фабрикаға бекітілген діни қызметкер бақылап отырады. Елімізге жеткізілетін шикізат маринадталған күйде келеді.

    Тағамның құрамын қалай тексереміз?

    Кәсіпорындарды стандарттау және сертификаттау барысында тағамдарға қосылатын ет, құс еті өнімдерінен бастап ұнтақ күйде келетін қоспаларға дейін толығымен сараптамадан өткізіледі. Өнімнің құрамы ұйымның эксперт-технолог мамандарымен қаралып, күмәнді болып танылған өнімдер арнайы зертханаға жіберіледі. Сонымен қатар, «Халал Даму» ұйымы сертификаттаған кәсіпорындар арасында өзара байланыс орнатылады. Қазіргі уақытта тағамның құрамына түрлі белгісіз қоспалардың араласуына орай, шетелдік және отандық өнімдердің құрамын анықтау үшін заманауи лабораторияның көмегі қажет. ҚМДБ-ға қарасты «Халал Даму» ЖШС-ы Алматы қаласында орналасқан «TreeGene» молекулалық-генетикалық зертханасы мен «КазНИВИ» Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты зертханасымен тығыз байланыста жұмыстар атқарылып жатыр. Зертхана техника жағынан соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталған және білікті, білімді мамандарды қамтиды.

    Халал сертификаты тегін беріле ме?

    ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС-ның Халал сертификаты келесі бағыттарда ғана беріледі: құс фабрикасы, мал сою орындары, шұжық цехы, кондитерлік өнімдер, сүт өнімдері, тағамдық қоспалар, емдік-профилактикалық өнімдер, косметика, фармацевтика және т.б. өндіріс орындары мен қоғамдық тамақтану (кафе, асхана, мейрамхана) орындары. Кез-келген өндіріс орындарын арнайы тексерістен өткізбей, анық халал стандартқа сай жұмыс атқарып жатқандығына көз жеткізбей ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС-ның «Халал сертификаты» берілмейді. Сараптамадан өткен мекемелерге«Халал Даму» ЖШС-ның халал сертификаты тегін беріледі. Дегенмен, кәсіпорындарды сертификаттау барысында көрсетілген қызметі үшін, яғни сарапшы маманның тексеріске шығуы, мекеме қызметкерлеріне оқу-семинар өткізуі, ұйымның халал стандарттарын енгізуі, қандай да бір өнімді зертханалық тексерістен өткізуі, ай сайынғы бақылаушылардың тексеріске шығуына  т.б. қызметтерге мекемелерден қаражат алынады.

    “Халал Даму” ұйымы туралы білесіз бе?

    Жалпы айтқанда, Қазақстанда ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС-нан бөлек ерікті түрде кәсіпорындарды стандарттау және сертификаттаумен айналысатын бірнеше ұйымдарды кездестіруге болады. Дегенмен, тек «Халал Даму» сертификаттау ұйымының артықшылығы мен ерекшелігіне тоқталып өтсек. 2014 жылдың 8 қазанында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында «Халал өнімдерін стандарттау» бөлімі ашылды. 2016 жылдың 22 ақпанында отандық және шетелдік компаниялардың халал өнімдерін стандарттау және сертификаттаумен айналысатын «Халал Даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылды. 3 жылдың ішінде 192 кәсіпорынды тексерістен өткізіп, халал сертификаты табысталды. Сертификат алған кәсіпорындар туралы толық ақпарат halaldamu.kz ресми сайтында көрсетілген. Сонымен бірге, сайтта ұйымның атқарып жатқан жұмыстары, түрлі жаңалықтар мен дәрістер халықтың назарына ұсынылған және аудандық өкілдеріміздің атқарып жатқан жұмыстары мен іс-шаралары үнемі осы сайтта жарияланып тұрады. Қазіргі таңда халал өнімдерді сертификаттайтын ұйымдардың қызметі – күмәнді нәрселердің анық-қанығын ажыратып, нақты шешімін табу.

    Басқа ұйымдардан артықшылықтары қандай?

    • Алматы қаласындағы екі бірдей зертханамен жұмыс жасайды;
    • ҚМДБ-ның пәтуә бөлімімен тығыз байланыста қызмет атқарылады;
    • кәсіпорындардыәр айда бақылаушы-инспекторлардың тексеруінен өткізіледі;
    • «Қасапшылық сауапты һәм жауапты іс» бағдарламасы бойынша қасапшылар оқытылады;
    • еліміз бойынша имамдарға Халал стандарттау пәнінен оқу семинар жүргізіледі;
    • қазіргі таңда Малайзиядағы халықаралық JAKIM ұйымының аккредиттеуінен өтіп жатыр.

      Қазіргі таңда, Ресей, Сингапур, Татарстан, Литва және Белоруссия, Түркия елдерімен өзара келісім меморандумына қол қойылды. Біздің эксперт мамандарымыздың тер төгуімен «Халал Даму» ЖШС-ның 3 стандарты жасалған болатын:

      • 1:2016 «Мал бауыздау және ет өңдеу» Халал стандарты;
      • 2:2016 «Тағамға қатысты қызметтер» Халал стандарты;
      • 3:2016 «Халал» өнімдерді өндіруге, дайындауға, өңдеуге, сақтауға, тасымалдауға және сатуға қойылатын жалпы талаптар» стандарты.

      Бұл стандарттар халықаралық стандарттармен үйлесе отырып, өндіріс орындарын стандарттауға, дамуына, сауда нарығында стандартқа сай техникалық кедергілерді жоюына, тұтынушылар мүдделерінің қорғалуына ықпал жасайды деп көзделген. Алғашқы күннен бастап ҚМДБ аудит және сертификаттау мамандарын дайындауға ерекше көңіл бөліп келеді. Болашақ мамандарымыз елімізде және шетелдерде оқу семинарларына белсенді қатысуда. Бұл бағытта ҚМДБ Малайзия (Jakim),  Біріккен Араб Әмірлігі, (SMIC) Түркия, Сингапур, Ресей Федерациясы, Татарстан, Қырғызстан сияқты елдермен ынтымақтастық құрған. Сонымен қатар, ҚМДБ Қазақстан Республикасы Инвестициялар және Даму министірлігінің Техникалық Реттеу және Метрология комитетімен тығыз байланыста жұмыс жүргізіліп жатыр.

      www.baribar.kz

Бөлісу: