«Тағам» асханалар желісі «Халал Даму» ұйымының алғыс хатымен марапатталды
Халал – барша мұсылмандардың күнделікті тыныс-тіршілігіне қатысты шариғат тыйым салмаған іс-әрекеттер шеңберін қамтитын тек Ислам дініне тән ұғым. «Халал» термині қазақ тіліне аударғанда «рұқсат етілген», «тыйым салынбаған», «мақұлданған» деген мағыналарды білдіреді.
Қасиетті Құран кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Біз ризықтандырған (адал) тағамдарды жеңдер. Алла тағалаға шүкіршілік етіңдер. Оған ғана құлшылық етіңдер»,– делінген. («Бақара» сүресі, 172-аят)Халал шеңберінің аясы кең. Оның бір саласы мұсылман жұртшылығының ас-ауқат, тағамына қатысты.
Күн өткен сайын тұтынушылар сұранысының артуы себепті еліміздің әр түпкірінде қоғамдық тамақтану орындары ашылып жатыр. Көшенің әр бұрышынан ашылған қоғамдық тамақтану орындарының халал стандартқа сай қызмет ететіні немесе халал стандарт талаптарын сақтамай қызмет көрсететіндерді кездестіруге болады. Ардақты пайғамбарымыз(с.ғ.у): «Сондай бір уақыт келеді, адам баласы тапқанының адал-арамдығына көңіл бөлмейтін болады»,– деп мұңайған еді. (Бұхари)
Адал асты іздеу – әрбір мұсылманның міндеті. Бүгінгі таңда тамақ өнеркәсібінің күрделеніп, әбден дамыған шағында тамақ өнімдеріне көптеген қоспалардың қосылуы, генетикасы өзгеріске ұшыраған өнімдердің кең таралуы, сонымен қатар, тамақ өнімдерін өндіру барысында басты назарда адам денсаулығы емес, табыс табу көзделуі секілді жағдайлардың орын алып жатқаны жасырын емес.
Алланың бұйрығына бағынып, адамдарға халал асты ұсынуды өздеріне міндет деп білген, халал асты тұтынушы көпшіліктің көңіліне сенім ұялатқан қоғамдық тамақтану орындары саусақпен санарлық. Еліміздің әр түпкірінен «халал» тіркесімен ашылған қоғамдық тамақтану орындары аз емес. Алайда, «халал» деген тіркеске Алла алдындағы , адамдардың да алдында ауыр жауапкершілікті сезініп, ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС-нан халал сертификаттаудан өтіп, халал стандартқа сай қызмет көрсетіп, елімізде халал индустриясының дамуына аз да болса өз үлесін қосып келе жатқан қоғамдық тамақтану орындарының бірі – «Тағам» асханалар желісі.
Халал асхана дегеніміз – халал тағам өнімдері мен сусындар әзірленіп, тұтынушыларға ұсынылатын орын. Әдетте, тағамды асхананың ішінде ішеді, алайда кейбір тағам ұсынатын орындар тапсырыспен тамақ жеткізіп беруді және де тұтынушының өзімен бірге тамақты алып кетуін де қарастырады. Асханада даяшылар арқылы қызмет көрсетуге, биік үстелдерде тамақ ұсынуға, не болмаса швед үстелін ұсынуына болады. Азық-түлік тұтынушыға жеткенге дейінгі сатып алу, қабылдау, әзірлеу, сақтау және тарату барысындағы (не болмаса азық-түлікке қатысты ақпараттар мен құжаттарға қатысты) барлық процесстер Тағам Қауіпсіздігі Менеджменті Жүйелерінің және шариғаттың жалпы талаптарына сай болуға тиіс.
Тағам Халал болуы үшін – тағамдық өнімдердің, сусындармен олардың құрамындағы заттардың төмендегі шарттарға сай әрі шариғатта ішіп-жеуге рұқсат берілген тағамдар болуы тиіс:
А) Халал жануарларға жатпайтын малдардан алынатын заттар немесе сол жануардың қандай да бір бөлшегі қосылмағандығы анық болуы;
Ә) Шариғатта нәжіс саналатын заттардың болмауы;
Б) Ішіп-жеуде зияны жоқ, уландырмайтын, масайратпайтын және денсаулыққа зиянын тигізбейтін өнімдер;
В) Өнім өндіру барысында пайдаланылатын құрылғылары Шариғатта нәжіс саналатын заттармен жанастпауы (ластанбауы);
Г) Адамның дене мүшесінен алынған бөлшектер немесе одан өндірілген, Шариғатта тыйым салынған заттардың болмауы;
Д) Әзірлеу, қайта өңдеу, буып-түю, сақтау және тарату барысында а),ә),б),в),г),д) тармақтарында көрсетілген шарттар орындалмаған тағам түрлеріне немесе Шариғатта нәжіс болып саналатын кез келген заттарға қосылып кетуіне жол берілмеу керек.
Өнімді сатып алу, жеткізу, әзірлеу, сақтау және ұйымға тағамдарды жеткізу, сондай-ақ осы тізбектің Шариғат пен халал стандарттың жалпы қағидаларына сай орындалуы қажет.
«Тағам» асханалар желісі осыдан екі жыл бұрын ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС-нан ерікті түрде тексерістен өтіп, халал стандартқа сай қызмет көрсететіндігі анықталып, халал сертификатқа ие болды.
Тағамға қатысты көрсетілетін Халал қызметтер дегеніміз – сатып алу, тауарға қол жеткізу, әзірлеу, сақтау және жөнелту кезінде кездесетін іс-әрекеттер. Бұның өзі азық-түлікті тұтынушыға жеткізу тізбегіндегі барлық іс-әрекеттердің Тағам Қауіпсіздігі Менеджментінің Жүйелеріне және Шариғатқа сәйкес болуы міндет дегенді білдіреді.
Гигиеналық (GHP) және өндірістік тәжірибе сынды алдын алу шараларының (GMP) қолданылуынсыз және жіті қадағаланусыз Халал тағам өндіру мүмкін емес. Қазіргі таңда әр ай сайын асхананы «Халал Дамудың» бақылаушы-инспекторлары айлық бақылаудан өткізіп тұрады. Тексеріс барысында «Тағам» асханалар желісінің төменде көрсетілген талаптарға сай қызмет атқаруы басты назарға алынады:
- Өнеркәсіп тағам әзірлеу барысындағы барлық процесстерде Халал өнімдер мен Халал емес өнімдер бөлек болғандығына кепілдік беруге міндетті.
- Өнеркәсіп азық-түлікті жеткізу барысында Шариғат шарттарын орындауға міндетті. Бұған тағамды әзірлеу алдындағы, әзірлеу және әзірленгеннен кейінгі процестер де жатады.
- Өнеркәсіп барлық өңделген азық-түліктер мына шарттарға сай болса, Халал екендігіне кепілдік береді:
- Өнімде немесе өнімнің құрамдас бөлігінде Шариғатта тыйым салынған не болмаса Ислам шарттарына орай сойылмаған жануарлардан алынған өнімдер жоқ.
- Шариғатта нәжіс саналатын заттар өнімде мүлдем жоқ.
- Өнім мен оның құрамындағы заттар адам өмірі мен денсаулығына зиян тигізбейді.
- Халал – Тағамдарды әзірлеу, гигиенасы және қауіпсіздігін сақтау
- Қадағалау
«Аққа Құдай жақ» деген дана халқымыз. «Харамды» тастап «халалға» ұмтылған әр ісімізге Алланың берекеті жауары хақ. Ізгі істерінің жемісін көріп, еліміздің әр түпкірінен 14 асханалар жүйесі бой түзеп, шет елдік нарыққа шығуды қолға алуда. Алдағы уақытта Астана мен Алматыдан басқа өзге өңірлердегі «Тағам» асханалар желісінің 14 нүктесі де ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС-ның қатаң бақылауында болады.
ҚМДБ Халал стандарттау бөлімінің баспасөз қызметі