Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

06 шілде 2018

33

Жаңалықтар

ТАТАРСТАН "ХАЛАЛ" КОМИТЕТІМЕН МЕМОРАНДУМ ЖАҢАРТЫЛДЫ

«Astana Finance Days» форумы аясында Қазақстанға іскерлік сапармен келген Татарстан Республикасы «Халал» стандарттау комитетінің басшысы М.Низамов  ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС-ң директоры Б.Мырзагелдиевпен кездесіп, мекеменің жұмыс барысымен танысты. Кездесу мақсаты – халал стандарттау және сертификттау жүйесінде тәжірибе алмасып, іскерлік қарым-қатынасты одан әрі нығайту. Қазақстандағы халал стандарттау және сертификаттау мекемесінің жұмысына қызығушылық танытқан М.Низамовқа «Халал Дамудың» осы уақытқа дейінгі жұмыс тәжірибесі, жетістіктері, шет елдермен келіссөздері, зертханалық лабораториялармен байланысы, халал сертификатқа ие болған кәсіпорындардың қадағалануы, мекемеде қызмет атқаратын мамандардың жұмысы, іс-қағаздардың жүргізілуі және «Халал Дамудың» алдағы мақсат-жоспары жөнінде кеңінен мағлұмат берілді. Татарстан «Халал» стандарттау комитетінің басшысы, әсіресе, өңірлік өкіл имамдардың басын біріктіріп, ай сайынғы қадағалау жұмысының жүргізілуіне, онлайн мал сою жүйесіне, кәсіпорындарды стандарттау барысындағы қатал тәртіпке таңданысын жасырмады. Үш күнге созылған кездесу барысында 2016 жылғы Татарстан Республикасы «Халал» стандарттау комитеті мен ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС мекемелері арасында "Өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандум" жаңартылды.  Қазақстандағы халал жүйесін қалыптастыруда қолданылған негізгі тәжірибелерді басшылыққа ала отырып, Татарстанда халал жүйесін дамытуда енгізетіндігін айтты. Татарстан "Халал" стандарттау комитетінің басшысы  М. Низамов Астана қаласындағы үш күнге созылған  сапары барысында республикалық "Әзірет Сұлтан" мешітіне барып, пәтуа бөлімі, "Хикмет студиясы", сайт бөлімі мамандарымен кездесіп, тәжірибе бөлісті. Алыстан ат арытып жеткен Татарстан өкілі  Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған іс-шараларға қатысып, қаламыздың көрікті жерлерін аралатып, қонақжайлығымыз көрсетіліп, естелік ретінде сый-сыяпат табысталды.

ҚМДБ ХАЛАЛ СТАНДАРТТАУ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Бөлісу: