Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

12 шілде 2018

8251

Жаңалықтар

Краб таяқшаларын жеуге бола ма?

 «Рұқсат етілген нәрселермен тамақтану дұғалар мен ғибадаттардың қабыл болуының себебі болады, ал тыйым салынған нәрселермен тамақтану дұғалар мен ғибадаттардың қабыл болмауына апарып соқтырады». (“Тафсир Ибн Касир” 1/280)    Қазіргі таңда күнделікті қолданыста жүрген, әсіресе, мерекелік дастархандарда көптеп қолданылатын тағам өнімдерінің бірі – краб таяқшалары.      Краб таяқшаларын 1973 жылы Жапонның «Sugiyo» атты компаниясы «Kanikama» деген атпен өндіріп шығарады. 1976 жылы халықаралық саудаға «Berelson Company» мекемесі  таныстырды. Бұрынғы Кеңес Одағы елдеріне 1986 жылдан бастап таратыла бастады.    Көпшілік тұтынушыларға краб таяқшаларының құрамында шаян (краб) етінің жоқтығы жасырын емес. Оның құрамына ұнтақталып, майдаланған ақ балық еті  (суруми) кіреді.     Суруми дегеніміз –балықтың белгілі бір түрлерінен дайындалатын, өте ұсақ етіп ұнтақталып, майдаланған ет (фарш).  Сурумиді дайындау үшін ақ балық етін (минтай, ивас, скумбрия, сельд, хек т.б) қолданады. Суруми фаршы краб таяқшаларының 40%-н, қалған 60%-н хош иістендіргіштер (аромотизатор), консерванттар, бояғыштар құрауы тиіс. Бірақ, бұл сәйкестік көрсеткіші кейбір краб таяқшалары өнімдерінде сақталмауы мүмкін.     Краб таяқшаларына табиғи реңк беру үшін жоғарғы бір қабатын құрамында кармин тағамдық қоспасы бар қамыр ұнымен қаптайды.  Бірақ,  карминнің орнын басқа да рұқсат етілген қызыл түсті тағамдық қоспалармен ауыстырып, өндіретін өндірушілер де бар.    Кармин (Е120) – қызыл түсті тағамдық бояу (қоспа). Карминді «кошениль» деген кактустық өсімдіктерде мекендейтін  мексикалық ұсақ жәндіктің (Dactylopius coccus)  ұрғашысының денесінен  немесе оның жұмыртқаларынан дайындайды. Кошенильдерді жұмыртқа салардан бұрын алмаздың немесе қатты щетканың көмегімен өсімдіктен жинап, сыртқы қабықтарын алып кептіреді. Кепкен жәндік қабықтарын үгітіп, ұнтақ алынады. Ұнтақты аммиак ерітіндісі немесе натрий карбонатымен өңдеп, кейін ерітіндіні сүзгіден өткізеді.    Ханафи, шафиғи, ханбали  мазхабы ғалымдарының пікірінше, «кармин» - қолдануға рұқсат етілмеген тағамдық қоспа. Карминді қолдану кезінде кейбір адамдарда аллергиялық реакция тууы мүмкін.    Сонымен қатар, краб таяқшаларын дайындау барысында хош иісі мен дәмін арттыру үшін натрий глутаматы (E621)  қолданылады. Ғалымдар мен дәрігерлер глутамат натрийдің шектен тыс қолданылуы кейбір аурулардың асқынуына алып келуі мүмкін деген болжам айтады. Оның бір күндік мөлшері: ересектерге -1,5 г, балаларға – 0,5 г.    Бірде адамдар Жундубқа, оған Аллаһтың ризашылығы болсын: “Бізге насихат айтшы”, - деді. Сонда ол: «Расында, адамның ең бірінші шіритіні - қарны болады, сондықтан кімде-кімнің таза нәрселерден басқа еш нәрсе жемеуге мүмкіншілігі болса, солай жасасын». әл-Бухари 7152     Осы мәліметтерді ұсына отырып, ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС мамандары  кармин (E120) қоспасының орнына  рұқсат етілген, халал, адам денсаулығына зияны жоқ тағамдық қоспа қолданылған краб таяқшаларын тұтынуға болатындығын айтады.     Азық-түлік сұрақтарына қатысты мәселеде абай болуды және кез-келген күмәнді өнімді тұтынар алдын құрамына жақсылап назар салуды, сонымен қатар, өнімдерде «ҚМДБ Халал» белгісінің бар-жоқтығын назарға алған жөн деп санайды. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!  

ҚМДБ Халал стандарттау бөлімінің баспсөз қызметі

Бөлісу: