Ыбырай Алтынсарин харам, мәкруһ турасында
Қазақ халқының біртуар перзенті, әйгілі ағартушы, дарынды жазушы Ыбырай Алтынсариннің «Мұсылмандықтың тұтқасы»(Шариат-ул-ислам) атты төл еңбегі аттай ғасыр бойы бес-алты толқын ұрпақтың танымынан тыс қалып, архивтің қараңғы қоймасында сақталып келді. Шындықты айналып өтудің, тарихи мұраны көміп тастаудың ғылым үшін де, кісілік жолында да жат екенін бүгінгі жаңғырған өмір салтымыз дәлелдеп отыр.
Ақселеу Сейдімбек
Харам, макруһ нәрселер адамның пиғылында да, көрсетіп денемен істейтін істерінде де, жейтін ішетін тамақтарында да көп. Ішетін, жейтін, тұтынатын нәрселер ішінде әуелі адамды мас ететін хамр, яғни, арақ, көкнәр, апиындай нәрселер харам. Жеуге халал тамақты да мас болғанша немесе қалпынан артық, құсқанша жесе, бұл да харам. Ләкин әлгі көкнардай нәрселер болса да ауруларға дәрі сипатында зәруліктен берілсе харам болмас. Әрбір нәжіс нәрселер, яғни, адамның, хайуанның бойынан шыққан кіші жарақтағы, һәм, ұлы жарақтағы қою-сұйық нәжістер, һәм, бауыздаудан шыққан қан реуіштер – харам. Бауыздалмай өлген малдың еті, һәм, әрбір өлексе – харам. Бауыздаудың шарты – өтетін пышақпен (Бисмиллахи, Аллаху акбар) деп, жұтқыншақтың арт жағынан орып жіберіп бауыздамақ. (Бисмиллахи, Аллаху акбар) айтылмай бауыздалса халал болмайды. (Қараңыз: 9-тарау. Бауыздауды жақсы орындауды және пышақты өткірлеуді бұйыру. 1254. Шаддад ибн Әустен (Аллаһ оған разы болсын) Ол: "Мен Аллаһ елшісінен (с.а.с) екі сөзді жаттап алдым. Ол: Ақиқатында, Аллаһ барлық амалды жақсы орынадауды міндеттеді, егер өлтірулерің керек болса, жақсы тәсілмен өлтіріңдер, мал соятын болсаңдар да жақсы тәсілмен бауыздаңдар, әрқайсың пышағын өткірлеп, сойылатын малды азаптан құтқарсын", -деді",-деп айтқан. 1955/57. Сахих Муслим) Мұнан соң малды бауыздап, қашан жаны шыққанша бөтен сөз сөйлеу мәкруһ десіпті. Кітабы кәфірлердің де бауыздауы халал, егер (Бисмиллахи, Аллаху акбар) деп қай тілмен де болса айтсалар (?). Үйде еркек кісі болмай, мал союға мұқтаж болса, қатын да, һәм, балиғатқа жетпеген бала да бауыздауға юолады. Бауыздаған малдың жаны шықпай тұрып басын кесіп алу мәкруһ, һәм олардың ішінен шыққан баласы біздің имамымыз – имам ағзам қасында халал емес. Екінші, бауыздалса да халал болмайтын хайуандар сол ұлығатын, һәм, жыртқыштардан болса. Мәселен, ит, түлкі, қарсақ, тышқан тұқымдары, мысы, қасқыр, жолбарыс, арыстан, пілдей жануарлар және хайуан болсын, құс болсын өлекселер, шірік нәрселер жесе, мәселен шошқа, ит, қара құс, өгіз, шағаладайлар. Құстың айыр тұмсықты жыртқышы, тырнақты, һәм, қанатымен соғып аң жейітіндері ( бүркіт, қаршыға, жағалтай, ителгі, үкідейлер) харам. (Қараңыз:29-тарау. Сойдақ тісті барлық жыртқыш аңдарды жеуге салынатын тиым. Әбу Һурайрадан (Аллаһ оған разы болсын). Пайғамбарамыз (с.а.с) "Сойдақ тісті барлық жануарларды жеуге тиым салынады",- деп айтқан. 1933/15. Сахих Муслим ) Хашараттың, яғни, жылан, құрт, құмырсқа, бүрге, биттейлердің бәрі де, жалғыз шегірткеден басқасы харам. Шегіртке – халал. (Қараңыз: 25-тарау. Шегіртке жеу жайында. 1330. Абдуллаһ ибн Әбу Ауфадан (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) Ол: "Біз Аллаһ елшісімен бірге жеті жорыққа шеігртке жеп жүріп қатыстық", -деп айтқан. 1952/52. Сахих Муслим) (Қараңыз: 30-тарау. Шеңгел тырнақты барлық құстарды жеуге салынатын тиым. 1337. Ибн Аббастан Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын. Ол: "Аллаһ елшісі с.а.с сойдақ тісті барлық жыртқыш аңдарды және шеңгелтырнақты барлық құстарды жеуги тиым салды",- деп айтқан. 1934/16. Сахих Муслим) Осындайлардан басқа қолдағы төрт-түлік мал, қырда киік, құлан, қян, бұғыдай аңдар халал. Құста залалсыз – үйрек, қаз, аққу, жылқышыдайлар. Суда – күллі балық бәрі де халал. Балық пен шегіртке бауыздалмай да жеуге дұрыс. Адам қолына үйренген хайуандардан хайуандардан қашыр мен есек харам һәм жылқы еті турасында да қайсыбір имамдар мәкруһ деседі. Хайбар деген шаһарды алған күні пайғамбарымыз алайһисссалам жылқы етін жеуге рұқсат етіпті. Соған қарағанда жылқы етін де халал дейміз. (Қараңыз: 27- тарау. Жылқы етін жеу жайында. 1332. Жәбир ибн Абдуллахтан (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) Аллаһ елшісі(c.а.с) Хайбар жорығы күні үй есектерінің етіне тиым салған және жылқы етін жеуге рұқсат еткен(1941/36. Сахих Муслим) Үшінші, аң мен құс бауыздалмай да халал болатын орындары осы: ит жүгіртіп, не құс салып, не мылтық, оқ атып, аң аулап жүрген адамдар, мәселен, итті қосарда (Бисмиллахи, Аллаху акбар) деп жіберсе, иесі барғанша ол ит киікті, қоянды, не құсты өлтіріп, бірақ жемей тұрса. Осылайша алдырған қоян, киік халал, һәм, жеуге дұрыс. Мұндай иесі барғанша алған аңның етін жемей тұруға үйренген итті «му аллам» дейді. Аң аулауға үйреткен құс, мәселен, бүркіт, қаршығадайлар ұшып, шақырғанда қолға келсе, мұны да « му аллам» дейді. (Қараңыз: 2-тарау. Садақпен, үйретілген және үйретілмеген итпен аң аулау. 1245. Әбу Сағләбә әл-Хушаниден (Аллаһ оған разы болсын) Ол : " Бірде мен Аллаһ елшісіне келіп: Уа, Аллаһтың елшісі: Аң аулайтын жерде тұрамыз, мен садағыммен, машықтандырылған итіммен және үйртілмеген итіммен аң аулаймын. Маған солардың қайсысы халал болатынын айтып беріңізші?"- деп сұрағанымда, Пайғамбарымыз (с.а.с): Аң аулайтын жерде тұратыныңа келсек, садағыңмен аң аулағаныңда "бисмиллаһ" деп айт, содан кейін оны жей бер, үйретілген итіңмен аң аулағаныңда да"бисмиллаһ" деп айт та, сосын оны жей бер, ал енді машықтандырылмаған итіңмен аң аулағанда ұсталған аңды бауыздап үлгерсең ғана же",-деп айтты", -деген. 1930/8. Сахих Муслим) Осындай құсты аңға жіберерде (Бисмиллахи, Аллаху акбар) деп жіберсе, адам жетіскенше алған аңы өліп қалса да, жеуге халал. Бірақ, ол алдырған аң кісі барғанша тірі тұрса, бауыздамай халал болмайды. Оқпен, һәм, мылтықпен атып, барғанша өлген аң, яки, құс ол мылтықпен (Бисмиллахи, Аллаху акбар) деп айтылып атылған болса – жеуге халал. Бірақ оқтан жараланбай өлген құс немесе аң халал болмайды. Әрбір шикі тері, мәселен, заты харам түлкі, қасқыр болса да бауыздаумен терісі тұтынуға халал. Мұнан «ғейри өлексе» һәм болса да барша тері иленумен адал болады. Жалғыз илеу, һәм, бауыздаумен адал болмайтын махлұқтар –шошқа мен адам терісі. Адам терісі – қасиеті артықшылықтан, шошқа терісі – затының таза еместігінен тұтынуға адал емес. Ескертпе: Ы.Алтынсариннің еңбегіндегі мәтін еш өзгеріссіз берілді. Пайдаланған әдебиеттер: 1. Алтынсарин Ы. Мұсылманшылықтың тұтқасы. Шариат-ул-ислам/ Дайындаған Сейдімбеков А. - Алматы:Қазақстан; ТПО Қаламгер, 1991.- 80 бет. 2.Мұхтасар Сахих Муслим. 2 томдық/Әл-Мунзири/ Ауд. Қ.Спатай. - Алматы: "Кәусар-Саяхат" ЖШС, 2013. Т.2. -573 б.ҚМДБ халал стандарттау бөлімінің баспасөз қызметі