Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

26 қыркүйек 2012

264

Жаңалықтар

«ХАЛАЛ СЕРТИФИКАТТАР» ҚАНШАЛЫҚТЫ ХАЛАЛ?

«Халал сертификат қаншалықты халал?», «Өнімдегі халал таңбасы басылған барлық өнімдер халал ма?» «Өнімнің расымен де халал екендігін қалай білеміз?»

Біздің хат қоржынымызға күнделікті келіп түсетін  хаттардың 90% мазмұны осындай.

Расымен де, бұл - «халал» өнімді тұтынуға ниет еткен әрбір мұсылман үшін маңызды мәселе. Алла Тағала Құранда: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» («Бақара» сүресі, 2/168) деген.

Осыдан 10-15 жыл бұрын халыққа «халал сертификат» ұғымы таңсық еді. Бүгінгі таңда елімізде 10-нан аса халал сертификаттау және стандарттау органдары бар.  Уақыт өте келе, сертификаттау органдары көбейіп, сапасы мен  мәнін жоғалта бастады. Осы тұста халық көкейінде «халал өнімге» деген күмән мен күдік ұялады.  Сол себепті, халал сертификаттау және стандарттаумен айналысатын мекеме қызметінің расымен де халал екендігін анықтау үшін мынадай ерекшеліктерді назарға алуды ұсынамыз:

Біріншіден, халал сертификаттаумен айналысатын мекеме қызметкерлері шариғи білімді, халал мен харамның ара жігін ажыратып, харамнан бойын аулақ ұстайтын, Қасиетті Құрандағы Алланың әмірлеріне, Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисіне бойұсынған, тақуа, иманды болуы керек.

Діни білім мен иманды  бірінші кезекке қоятын себебіміз, қазіргі таңда "халал" таңбасымен "харам" өнімдерді шығарып, "сапасына" емес  "санына" қызығып, қарапайым халықты алдап, "халал сертификаттарын" сауда құралына, пайда көзіне айналдырған мекемелер саны жетерлік.  Ал, Аллаға шынайы түрде бойұсынған адамның өзгелерді алдап, арамдық жасамасы анық.

Еліміздегі халал жүйесін жүйелендіріп, халал индустриясын дамыту мақсатында, 2014 жылы  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан «халал стандарттау бөлімі» құрылып, «Халал Даму» жеке шаруашылық серіктестігі өз жұмысын бастайды. Небәрі, 4 жылдың ішінде бүкіл Орталық Азия елдерінде қалыптаспаған халал сертификаттау жүйесін құрады. Халалдың айналасында дін қызметкерлерінің бірлесе жұмыс жасауы -  алғашқы критерий.

Бәріміз білетіндей, «халал» ұғымы тек Ислам дініне ғана қатысты.  Сол себепті, «халал сертификаттау» тек эксперт-технолог, инспектор-контролер сынды мамандардың ғана қатысуымен жүзеге аспайды, бұл жердегі ең негізгі маман - ислам дінінің «пәтуа ғалымдары»

ҚМДБ «Халал Даму» сертификаттау және стандарттау мекемесінен сынақтан өтуге ниет білдірген кәсіпорындар өнімдері лабороториялық зерттеуден өткеннен кейін, эксперт-технологтардың толтырылған актісі ҚМДБ пәтуа бөлімі мамандарына жіберіледі. Сол бойынша пәтуа  ғалымдары акт толтырып, ұсынылған өнімнің шариғат бойынша рұқсат етілген немесе рұқсат етілмегендігін баяндайды. Пәтуа бөлімі ғалымдары қызметі -  екінші критерий.

Тұтынушылар тарапынан: «Халал сертификаттаудан өткен мекемелерді кім қадағалайды? Олар кейіннен халал емес өнімдер өндіріп жүрмейді ме?» деген сұрақтар  туындап жатады. 

Өңірлік өкіл имамдардың ұсынысымен еліміздің 18 өңірінде ай сайын сертификаттаудан өткен мекемелерде тексеріс жұмыстарын жүргізіп, бақылайтын 18 «өңірлік бақылаушы-инспекторлар» бекітілген. Кәсіпорындармен арадағы келісімшарт бойынша ай сайын  өңірлік бақылаушы-инспекторлар кез-келген уақытта сертификаттаудан өткен кәсіпорын жұмысын тексерістен өткізуге тиісті. Бақылаушы-инспекторлар айлық тексеріс нәтежиесі бойынша жүргізілген жұмыстың фото, видео, акт түріндегі қорытынды есебін ҚМДБ халал стандарттау бөлімінің меңгерушісі Б.Мырзагелдиевке тікелей жолдап отырады. Яғни, халал сертификаттаудан өткен кәсіпорындардың жұмысы басшылықтың жіті қадағалауында болады. Бақылаушы-инспекторлар қызметі - үшінші критерий.  

Бүгінгі таңда ҚМДБ "Халал Даму" ЖШС Алматы қаласындағы «Treegene» молекула-генетикалық зертханасы мен «КазНИВИ» Қазақ ғылыми зерттеу ветеринария институты зертхансымен серіктесе отырып, лабороториялық жұмыстар жүргізіліп келеді.

Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген сынақ нәтежиелеріне сәйкес өзге сертификаттау органдарының «халал» таңбасы белгіленген көптеген шұжық, жартылай дайын өнімдерден шошқа ДНК анықталуда.  Демек, сертификаттаумен айналысатын кейбір жауапты органдар өнімді лабороториялық зертханадан өткізбестен, «халал» таңбасымен халық тұтынуына ұсынып отыр. Сертификаттаудан өтетін әрбір өнімді молекула-генетикалық зертханаларда лабороториялық сынақтан өткізу -  төртінші критерий.

Шариғат ғұламалары мен эксперт-технолог мамандардың қатысуымен «қасапшы куәлігін» алуға ниет білдірген әрбір адамға оқу-семинар жүргізу қарастырылған. Аталған семинарды тәмәмдаған қасапшыға «қасапшы куәлігі» және «жеке мөр» беріледі. "Халал Дамудың" "Мал бауыздау" 1:2016 стандартына сәйкес мал тек қолмен бауыздалады және ешқандай механикалық бауыздау рұқсат етілмейді. Арнайы оқу семинарын тәмәмдаған  қасапшылар қызметі -  бесінші критерий.

Жоғарыда аталған мамандардың сараптауынан өткеннен кейін кәсіпорынға сертификат беру немесе бермеу мәселесі  арнайы «сараптау комиссиясы мүшелерінің» қатысуымен өткізілетін жиналыста талқыланып, сертификаттау жөнінде хаттама толтырылады. Сараптау комиссиясы қызметі - бесінші критерий.

Міне, осындай кезеңдерден өткен кәсіпорынға ғана "Халал Даму" сертификаты табысталады.

ҚМДБ "Халал Даму" ЖШС-ң «Халал сертификаты» сертификатта көрсетілген жарамдылық мерізімі аралығында өнімнің  халал екендігіне кепілдік береді.

Сол себепті, кез-келген «халал» таңбасы белгіленген өнімді тұтынар алдында, өнімде белгіленген таңбаға, халал сертификатты берген өкілетті органның  сертификаты қаншалықты «халал» екендігіне жоғарыда келтірілген критерийлерді ескеріп, мән бергеніміз абзал.

ҚМДБ халал стандарттау бөлімінің баспасөз қызметі

Бөлісу: