Тағам өндірісінде ҚАН қолдануға бола ма?
Бүгін біз тұтынушылар арасында кеңінен таралмаған, халық біле бермейтін тағамдық «қан қоспасы» жөнінде сөз етпекпіз. Қазіргі таңда ет өндірісінде «ерекше әдіспен өңделген қан» «қызыл бояу» ретінде қолданылады. Ерекше әдіспен өңделген қан - доңыз гемоглабинінен немесе басқа да жануарлардың қан гемоглабинінен алынатын табиғи бояу. Ондай бояуды дайындау барысында қанды көміртегі моноксидімен қанықтырып, буландырып, кептіреді. Қаннан тағамдық, дәрілік өнімдер дайындайды. Қаннан жасалған тағамдық қоспалардың қатарына ашық және қара түсті альбумин, тағамдық сарысуды (пищевая сывортка) жатқызуға болады. Ашық түсті альбумин мен тағамдық сарысуды (пищевая сывортка) шұжық, деликатес және жартылай дайын өнімдерді, фарш дайындау барысында қанды нитритпен араластырып, термоөңдеу арқылы қанық қызыл түске енгізіп, қолданады. Қара түсті альбуминді балаларға арналған гематоген, гемостимулинді өндіруде пайдаланады. Медицинада қаннан өте көп дәрілік препараттар: аминопептид, гидролизин Л-103, БК-8, сұйық және балаларға арналған гематогендер, гемостимулин т.б өндіреді. Қан қосылған ұндарды үлкен фабрикаларда доңыз, тауықтарға арналған жем ретінде пайдаланады. Қанды бояу ретінде қолдану өнімнің сапасыз екендігін көрсетеді. Бұл жөнінде шариғатымызда не айтылған? Шариғатымызда жеуге рұқсат етілген малды бауыздау барысында аққан қан арам деп саналады. Демек пайдалануға болмайды. Ал, шариғатта харам екені анық көрсетілген доңыздың немесе ислам нормаларына сай бауыздалмаған малдың қанының арам екендігі анық. Алайда, ислам нормаларына сай мал сою кезінде ағызылуы тиіс қан ғана арам екендігін ескертеміз. Ал, шариғат талаптарына сай бауыздалған малдан ағызылған қаннан кейін еттің құрамында, етті бөлшектеу барасында қалған аз ғана қан, өздігінен ақпайтын болғандықтан таза болып саналады. Қанды сатуға да рұқсат етілмеген. Сонымен қатар, ондай мәміле жарамсыз болып саналады. Осылайша шариғат талаптарына сәйкес бауыздалғаннан кейін ағызылуы тиіс болған қанды, шошқаның қанын өнімдерге бояу ретінде қолдану шариғатымызға қайшы. Өнімді сатып аларда назар аударыңыз: Өнімнің құрамын толықтай оқыңыз. Әсіресе қан деген мағынаны білдіретін альбумин, қара альбумин, “гем(а/о)”, гематоген, гемоглобин секілді сөздердің бар-жоқтығына назар аударыңыз.