КҮМӘНДІ ТАҒАМДАРДЫ ЖЕУ ТУРАСЫНДА
Біздің хат қоржынымызға тұтынушылар тарапынан: «Мына азық-түлікті жесек болады ма? Мына дәріні ішсек болады? Жейтін азық-түлік қалмады ғой... Не жейміз?...» т.б сұрақтар толассыз келіп жатады. Күмән мен күдіктің арасында жүрген сондай тұтынушыларға құлаққағыс ... Алла Тағала «Мәида» сүресінің 3-аятында: «Сендерге: Өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атынан бауыздалған мал арам етілді. Буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш (аң, құс) жеген мал арам. Бірақ (жаны шықпай) бауыздалғандары басқа», – деп үкім ете отырып, жейтін етіміздің қайсысы адал, қайсысы арам екенін атап көрсетеді. Атақты ғұлама хафиз Ибн Касир хадистер мен шариғат үкіміне сүйене отырып: «Харам етілген дүниелермен тамақтану дұға мен ғибадаттың қабыл болмауына әкеліп соқтырады» депті. Хазреті Имам Ғазали былай деген: «Харам болмаған бірақ күмәнді болған нәрселерден де сақтану керек! Хадис шәрифтерде “Күмәнді нәрсені таста, күмәнсіз нәрсені ал”, “Күмәнді нәрселерден сақтанған адам, дінін, намысын қорғаған болады. Күмәнді нәрселердің айналасында жүргендер харамға түсуі мүмкін”,- деп бұйырылды. Алайда азық-түлікті және сусындарды күмәнданып жемеу тақуалық емес уәсуәса болып табылады». (Ихия) Хазреті Имам Қасталани былай деген: «Пайғамбарымыз Хайберде сахабаларымен бір яһудидің у қосып берген кәбабынан бір үзім жегеннен кейін “Бұл ет маған улы екендігін айтты” деп басқа жемей қойды және соңғы сырқатында “Хайберде жеген улы еттің зардабын әлі сезіп тұрмын” деп бұйырды.» (Мәуахиб) Расулуллаһ алейһиссалам яһудидің нанын, майын, тамағын “бұл таза ма?” деп сұрамастан жеді. Бұл доңыздың майы ма, қойдың майы ма, нанның қамыры сумен ашытылды ма әлде шараппен ашытылды ма деп сұрамады. Мүшрик әйелдің құманынан дәрет алды. Бұлардың бәрі сұрастырудың керегі жоқтығына дәлел болып табылады. (Бәриқа) Кәпірлер тамағымызға нәжіс қосуы мүмкін болғаны секілді, у да қосуы мүмкін. Әлгі яһуди де Пайғамбарымыздың(с.а.у) тамағына у қосқан еді. Пайғамбарымыз сұрастырмай-ақ, зерттемей-ақ ол тамақты жеген еді. Өйткені нәжіс екендігі білінбеген тамақты жемеу тақуалық емес, уәсуәса болады. Дініміз уәсуәсадан қашуды әмір еткен. (Хадиқа) Дінімізде “бір нәрсенің халал болуы үшін дәлел ізделінбейді, харам болуы үшін дәлел ізделеді” деген қағида бар. Нәжіс екендігіне дәлел жоқ болса, таза деп қабылданады. (Усули Пәздәуи) Азық түрлерінің ішіне нәжіс қосылса, бірақ қосылғаны білінбесе жеу жаиз болады. Білу – тікелей өз көзімен көру немесе әділ мұсылмандардың нәжіс қосылғанын біз көрдік деп айтуымен болады. "Қосылады екен, қосылады-мыс" деумен харам болмайды. (Әшбах) Өндіріс барысында әртүрлі нәжістер қосылуы немесе немқұрайлық себебімен де нәжіс араласуы, өнімнің ішіне тышқан түсіп кетуі, өндірушілер оны төкпеуі, сусындарға қосылатын эфир майы спирт ішінде ерітілуі т.б осы секілді себептермен әр түрлі нәжіс араласуы мүмкін. Бірақ ішінде нәжіс бар екендігі анық болмаған барлық азық-түліктер таза деп қабылданады, жеуі күнә болмайды. ҚОРЫТЫНДЫ Азық өнімдерінде және “Е” кодымен басталатын қоспаларды ашық, нақты түрде доңыздың майы, еті немесе тыйым салынған "Е" қоспалары екендігі жазылмаған болса, ондай азық-түліктерді жеудің зияны жоқ. Егер жазылған болса, онда желінбейді. Күмән мен күдікке, уәсуәсаға түспей жоғарыда келтірілген Құран аяттары мен Пайғамбар (с.а.у) хадистерін негізге ала отырып амал еткендеріңіз абзалырақ. Анығын Аллаһ білуші! ҚМДБ халал стандарттау бөлімінің баспасөз қызметі