БАС МҮФТИ «JAKIM» ҰЙЫМЫНЫҢ СЕРТИФИКАТЫН ТАБЫСТАДЫ (ФОТО)
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халал өнімдерін стандарттау және сертификаттау бөлімінің «Халал Даму» ЖШС 2018 жылдың 30 қарашасы күні Малайзияның исламды дамыту департаменті (JAKIM) ұйымынан аккредиттеуден өткен болатын. Құрамына әлемнің 43 алпауыт мемлекеті кіретін 75 мекеменің тізіміне енді. Бұл дегеніміз - «Халал Даму» ЖШС-нан сертификаттаудан өткен кез-келген кәсіпорын өз өнімдерін АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Германия, Франция, Италия, Корея, Жапония сынды әлемнің дамыған елдері мен әлемнің 43 мемлекетіне «ҚМДБ халал» таңбасымен еш кедергісіз, еркін экспорттау құқығына ие болғандығын білдіреді.
«JAKIM» ұйымының мойындау жөніндегі сертификатының түпнұсқасы кеше ғана мұсылмандардың қара шаңырағы ҚМДБ ғимаратына келіп жетті.
Халал өнімін стандарттау және сертификаттау бөлімінің облыстық өкілдеріне арналған оқу-семинарының ашылу салтанатында ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз Малайзиялық «JAKIM» ұйымының мойындау жөніндегі сертификатын бөлім басшысы Б.Мырзагелдиевке салтанатты түрде табыстады.
Бас мүфти осыдан 5 жыл бұрынғы халалдың жағдайы мен қазіргі бет алысында ауыз толтырып айтарлықтай біраз айырмашылықтар бар екендігін және де еліміздің әр өңірінде халал кәсіпорындар саны күн өткен сайын артып, халал индустриясы жолға қойылып жатқандығын, халықтың «халал таңбасына» деген жоғалған сенімінің «ҚМДБ халал» белгісімен қайта оралғандығын атап өтті. Алла разылығы, халық игілігі үшін халалдың айналасында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің жұмысына сәттілік тілеп, алдағы уақытта бұдан биік белестерді бағындырып, 70 жылдық тарихы бар Малайзияның «JAKIM» ұйымының дәрежесіне жетіп үздік нәтежиелерге қол жеткізу керектігін айтып, ақ батасын берді.
ҚМДБ халал өнімдерін стандарттау бөлімінің баспасөз қызметі