ОБЛЫСТЫҚ ХАЛАЛ ӨКІЛДЕРІ ҮШ БАҒЫТ БОЙЫНША ДӘРІС ТЫҢДАДЫ
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасында «Халал» индустриясын дамыту, «халал» тағам өндірісін, сертификаттау жүйесін реттеу, айналымын арттыруға бағытталған шараларды әзірлеу, жетілдіру секілді жобаларды жүзеге асыруды жүктеген болатын.
Осы орайда ҚМДБ халал өнімдерін стандарттау бөлімінің облыстық өкілдеріне арналған оқу-семинар өткізілді.
Облыстық жауапты өкілдер атқарған жұмыстарының қорытынды есебін тапсырып, жұмыс барысында туындаған қиындықтар, енгізген жаңалықтары және жетістіктерімен бөлісіп, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, мамандардың жауаптарын алды.
«Халал Даму» ЖШС директоры А.Елжанов бөлімде атқарылатын барлық жұмыстар сайтта, әлеуметтік желілерде, БАҚ құралдарында ашық түрде жарияланып тұратындығын, жұмысымыздың әрдайым халық назарында бақылауда екендігін айтып 2018 жылдың қорытынды есебін көрсетті.
Ұлттық аккредиттеу орталығының жетекші-сарапшы маманы Б.Сәрсенбайұлы ҰАО мен ҚМДБ арасындағы меморандумның маңыздылығына тоқталып, орталықтың негізгі жұмысымен таныстырып, алдағы уақытта бірнеше министрлік және ҚМДБ мамандарының елімізде халал стандарттау және сертификаттауды жүйелеу, реттеу, аккредиттеу мақсатында бірлесе атқаратын жұмыс жоспарымен бөлісті.
ҚМДБ пәтуа бөлімінің маманы Х.Аманқұлов «Мал бауыздау және ет өңдеу халал стандарты» 1:2016 бойынша шығарылған отандық, шет елдік ислам ғұламаларының пәтуаларымен бөлісіп, бақылау-қадағалау барысында ескерілуі тиіс маңызды тұстарын атап өтті.
ҚМДБ халал өнімдерін стандарттау бөлімінің меңгерушісі Б.Мырзагелдиев Малайзия, Түркия, Сингапур, Индонезия елдерінің халал стандарттау және сертификаттау ұйымдарының тәжірибесі негізінде әзірленген кәсіпорындар құжатын рәсімдеу жұмысының жаңартылған форматымен таныстырып, «кәсіпорындарға арналған паспорт парағымен» жұмыс істеу әдісін көрсетті.
«Халал Даму» ЖШС-ң технолог маманы «Е тағамдық қоспалардың» қайта қарастырылған тізіммен таныстырып, тағамдық қоспалардың маңыздылығы, алыну технологиясы, адам денсаулығына зияны мен пайдасы жөнінде дәріс өткізді.