ШЫМКЕНТ: ҚМДБ «Халал даму» бөлімінің «Адал ас- берекет» атты семинары өтті
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басақармасының жанынан құралған «Халал даму» бөлімінің Шымкенттегі бөлімінде «Адал ас- берекет» атты семинар ұйымдастырылды.
Семинарға Шымкенттегі «Халал даму» бөлімінің жетекшісі Қазыбек Сарыбаев, «Абдулхамит Қаттани» мешітінің бас имамы Бақдәулет Абдурахманов және биылғы жылы 18 халал сертификатына ие болған халал дәмхана меңгерушілері қатысты.
Семинарда арнайы дайындалған слайдтар көрсетіліп, халал астың жай күйі кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, тағамдық қоспалардың маңыздылығы, алыну технологиясы, адам денсаулығына зияны мен пайдасы жөнінде дәріс оқылды.
Өз кезегінде, қаламыздың өкіл имамы Бақтыбай қажы Бейсенбаевтың арнайы сәлемдемесі жеткізіліп, кәсіпкерлерге табыс, жұмысына береке, елімізге жақсылық тіледі.
Осы орайда, әріптесіміз Шымкенттегі «Халал даму» бөлімінің жетекшісі Қазыбек Сарыбаев жуырда Астана қаласы ҚМДБ-ның Бас кеңсесінде өткен басқосуда Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазреттің алғыс хатын алған болатын. Марапат құтты болғай!