Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

20 маусым 2019

20

Жаңалықтар

Павлодар: «Қасапшылық – сауапты һәм жауапты іс» атты оқу–семинар өтті

Алла Тағала қасиетті Құранның «Мәида» сүресінде: «Сендерге: Өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал арам қылынды. Бірде буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш жеген мал арам. Бірақ (жаны шықпай) бауыздағандарың басқа»,-деген еді. Исламнан қалыптасқан ата салтты берік ұстанған аталарымыз шариғат жолынан ауытқымаған-ды. Алайда нарыққа ғана байланып, адал мен арамның аражігі адыра қалғанда санаға сіңген тыйымдар да далада қалды. Жасыратыны жоқ, бүгінде кейбір қасапханаларда малдың бауыздау ережесімен сойылмайтыны, тіпті кейде сол жерде өліп қалған сиырдың да сойылып, етке өткізілгені туралы ақпараттар тарап жатады. Ол ақпараттардың бірі рас, бірі жалған болар, бірақ жұрттың адал бауыздалған малдың етін жегісі келетіні ақиқат. Өйткені өлексені азық қылғанның денсаулыққа зияндылығы ғылыми дәлелденген. 

Осыған орай Павлодар орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде “Қасапшылық сауапты һәм жауапты іс” атты оқу-семинары өтті. Семинарда өкіл имам Жолдас Қоспақұлы  ҚМДБ  “Халал даму” ЖШС-нің Павлодар облысындағы өкілі Какенов Қазыбек және Темірғалиев Серіктер  қала, аудан, ауыл  мешіттерінен арнайы жіберілген 17 қасапшыға сабақ үйретті.

Дәріс барысында өкіл имам сөз сөйлеп, қасапшылықтың үлкен жауапты іс екенін түсіндіріп, насихатын айтты.  Ал  Какенов Қазыбек өз кезегінде малды адалдаудың шариғат жолымен жасалынатын тәртіптеріне ұсақ-түйегіне дейін түсіндіріп,  қасапшылардың  сұрақтарына кеңінен жауап беріп, қасапшыларға малды бауыздау рәсімінің шариғатымызда алатын орны жайында, бұл істің қазіргі таңда аса маңызды, әрі үлкен жауапкершілікті талап ететін халық үшін жасалатын игі қызмет екендігі түсіндірді.

«Күллі мұсылман қауымы қасиетті Рамазан айынан кейін құтты мереке-Құрбан Айтты асыға күтеді. Құрбан айт мерекесінің ауқымы жылдан-жылға ұлғайып, дәстүрлі дін құндылықтарына халықтың сұранысы мен ықылас-пейілі артып келеді. Санаулы күннен соң келетін мүбәрак мерекеде құрбан шалғысы келетін қала тұрғындарына кәсіби тұрғыда қызмет қылу – сіздерге жүктелген аманат. Айтулы күндері құрбандық малын шариғи шарттарын сақтай отырып союға аса үлкен мән берілуі керек», – деп өкіл имам Жолдас Қоспақұлы қасапшыларға өз міндеттеріне үлкен жауапкершілікпен қарауды тапсырды.

Семинарда арнайы бейнероликтер арқылы дәрістер  жүргізілді.  Мешіт тарапынан семинарға қатысқан қасапшыларға алғыс айтылып, «Қасапшылық – сауапты һәм жауапты іс» атты оқу–семинарын тәмәмдағандығын растайтын сертификат табысталды.

http://mazhab.kz/kk/

Бөлісу: