Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

08 қараша 2019

104

Жаңалықтар

Шұжықтар тексерістен өтті (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан «Халал даму» мекемесі ашылып, халал стандарты бойынша жұмыс жасап келеді. Халал өнімдерін тұтыну ислам дінінің талабы. Соңғы уақытта әлем бойынша халал өнімдеріне деген сұраныс артып келеді. Бұл сұраныс тек мұсылмандар тарапынан ғана емес, өзге дін өкілдері тарапынан да жүзеге асуда.  

Ислам діні бойынша ішіп-жейтін азық түлігіміз таза әрі адалынан болуы тиіс. Аллаға шүкір қазіргі таңда тұтынатын өнімнің түрі көп. Сол өнімдердің бірі шұжық десек те болады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының талабын қабылдап, шариғат пен халал стандарт шарттары бойынша шұжық шығарып жатқан 43 кәсіпорын бар. Халал стандарт бойынша адал шұжық деген кезде тек шошқаның еті мен майын ғана қолданбау деген ұғымды білдірмейді. Стандартқа сәйкес шұжық өнімінің халал болуы үшін төмендегідей шарттар қойылады:

Біріншіден, шұжыққа қолданатын мал мен құс еті шариғат талаптарына сәйкес сойылуы тиіс.

Екіншіден, мал немесе тауықтың жеген жемі ұнтақталған ет ұны (мясо косный мука) секілді жем болмауы тиіс.

Үшіншіден, өнімге шариғат тыйым салған шошқа еті мен майы қосылмауы тиіс.

Төртіншіден, шұжыққа дәм беретін ингридиенттер мен қоспаларда шошқа майы, ақуызы секілді тыйым салынған өнімдер қосылмауы керек. Қоспалар мен дәмдеуіштер халал сертификатын алған, рұқсат етілген өнімдер санатынан болуы қажет.

Бесіншіден, цех тек қана адал өнімдерін шығаратын цех болуы тиіс. Аралас шұжық шығаратын цех стандартқа сай емес.

Алтыншыдан, әзірленген өнім арнайы қоймада сақталуы қажет.

Жетіншіден, өндірілген шұжық арнайы құтыда, арнайы көлікпен тасылмалдануы тиіс. Ол өнім салынған көлікте шошқа өнімі қосылған тауарлар болмауы тиіс.

Сегізіншіден, шұжықтар дүкенде бөлек сөреде тұруы қажет. Егер сөреде өзге де шұжықтармен бірге тұрса, шошқа ДНК-сы жұғуы ықтимал. Бұл да ғылыми тұрғыдан дәлелденген.

Тоғызыншыдан, дүкен сөресінде тұрған кезде талапқа сай ылғалдық пен салқындық температурасы да сақталуы қажет. Қайшы жағдайда дүкендегі ылғалдылық артып, салқындық температурасы сақталмаса шұжықтан сөл, май бөліну процессі болады. Бір сөреде өзге шұжықтармен бірге тұрған жағдайда бөлінген сөл мен май бір-біріне өту қаупі бар. Яки сөл бөлінген орынға халал маркалы шұжық қойылса, оған халал емес шұжықтың сөлі өтуі ықтимал. «Қазанға жолама қарасы жұғады» деген мақалға сәйкес осы талап сақталмаса, халал стандартына сәйкес өндірілген шұжық өзге шұжықтармен бірге тұрған жағдайда сараптама жүргізілсе, шошқа ДНК-сы шығуы мүмкін.

Оныншыдан, кейбір дүкендерде тұтынушының сұранысына сай шұжықты кесіп, өлшеп сатады. Ондай жағдайда халал емес шұшықты кескен пышақпен халал шұжықты кессе, шошқа ДНК-сы өтетіні анық. Сондықтан пышақ та, кесетін орын да бөлек болуы қажет.

С.Сейтбеков , ҚМДБ-ның Халал өнімдерін стандарттау бөлімінің меңгерушісі

22 қазан күні ҚМДБ-ға қарасты «Халал даму» мекемесінен сертификат алған кейбір шұжық өнімдерінен шошқа ДНК-сы анықталғаны жайында ақпарат шыққан болатын. Әрине аталмыш шұжық өнімдеріне шошқа майы мен еті қосылмағаны анық. Дегенмен іле шала 25 қазан күні «ИП Иштаев», «ИП Шамахсутов Ш.Ш.» және өзге де шұжық өнімдерін Алматы қаласында «TreeGene» молекулярлық-генетикалық зертханадан өткіздік. Нәтижеде «ҚМДБ халал» сертификатын алған шұжық өнімінен шошқа ДНК-сы табылған жоқ. Демек, жоғарыда айтып өткеніміздей халал стандартына сәйкес тасылмалданбаса, дүкеннің қоймасында немесе сөресінде бөлек тұрмаса, тиісті температура сақталмаса, кей дүкендегідей бір пышақпен кесіп беретін болса, шошқа ДНК-сы жұғу ықтималы жоғары.

ҚМДБ тарапынан сертификат алып өндірілген халал өнімдерін тұтынушылардың назарына «ИП Иштаев», «ИП Шамахсутов Ш.Ш.» шұжық өнімдерінде шошқа еті мен майы жоқ екенін хабарлай отырып, зертхана қорытындысын ұсынамыз.

С.Сейтбеков,

ҚМДБ Халал өнімдерін стандарттау бөлімінің меңгерушісі


Бөлісу: