Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

19 қараша 2019

64

Жаңалықтар

ХАЛАЛ БӨЛІМІНІҢ АШЫЛУ МАҚСАТЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында атқаратын бағытына сәйкес бірнеше бөлімдер жұмыс жасайды. Сұраныс пен заман талабына сай кей бөлімнің атауы өзеріп, қызметі ауқымдалып жатса, кей бөлімдер жаңадан ашылып жатады. Сондай сұраныс пен қажеттілік аясында «Халал өнімдерін стандарттау» бөлімі ашылған болатын. Әрине аталмыш бөлімнің өз мақсаты бар.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қазақстан мұсылмандарының қара шаңырағы болғандықтан дін мәселесіне жауап беретін әрі насихаттайтын рухани орталық. Діни басқарма тек пәтуа берумен ғана шектелмейді. Еліміздегі діни рәсімдердің бірізділікпен орындалуын, мешіт-медресе салынуын, дін мамандарын даярлауды, жамағат арасындағы бірлік пен ынтымақты, дінаралық татулықты және т.б. да шараларды жүзеге асырады.

Діни басқарма 30 жылдық кезең ішінде етек жеңін жиып, еліміз бойынша діни рәсімдер мен шараларды біртіндеп қолға алып, жүйелеп келеді. Мәселен, зекет қорын, уақып қорын, қажылық қорын және халал бөлімін ашып, қызмет аясын кеңейтіп, талапқа сай жұмыс жүргізуде. Дініміздің маңызды салаларының бірі халал өнімін шығару мен тұтыну. Республика көлемінде халал өнімдерін сертификаттау мәселесін әуелде арнайы ашылған ұйымдар жүргізді. Діни басқарма аталмыш ұйымдарға сәттілік тілеп, қолдау көрсетті. Уақыт өте келе халал сертификатын беретін ұйымдар саны артып, ел арасында түрлі әңгімелер тарай бастады. Уақыт өткен сайын халал таңбасы бар өнімдерді тұтынуға деген күмән арта түсті. Жамағаттың айтар шағымы тікелей Діни басқармаға жетіп тұрды. Әрине ол саламен Діни басқарма тікелей айналыспағандықтан халал сертификатын беруші ұйымдардың ісіне араласпады. Дегенмен шариғат талабы харам астан алыс тұру екені белгілі. Имандылыққа бет бұрған жандардың саны артқан сайын адал асқа деген сұраныс арта түсті. Халал таңбасы бар өнімдерге қойылған сұрақтар мен күмәндар артпаса азаймады. Елімізде өндірілген азық-түліктен бөлек алыс-жақын шетелден келген халал таңбасы бар өнімдер де жамағат арасында өткір мәселеге айналды. Мәселен, күнделікті тағамға қосар ет өнімін қайдан аламыз, кім адалынан сояды, қай жерде сатылады деген сұрақтар мазалағаны белгілі. Намазхан кәсіпкерлер бұл мәселені қолға алып, шариғат талыбына сай мал соятын орын ашып, халал қасапхана, дүкен ашып, сұранысты қамтамасыз етуге кірісті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елімізде халал өнімдері төңірегіндегі мәcелелерді шешу әрі шариғат талаптарына сай халал өнімдерін стандарттайтын арнайы бөлімді ашу өзекті екенін алға тарта отырып, 2014 жылы аталмыш бөлімді ашты. Өзгелерді даттау мен сынау қордаланған мәселені шешпейтіні белгілі. Қордаланған мәселені шешу мен сұранысты қанағаттандыру үшін шариғат талаптары мен халал стандарттарын негізге ала отырып «ҚМДБ Халал» таңбасымен халал өнімдерін сертификаттауды қолға алды. Бұл халал сертификатын беретін ұйымдарға бәсекелестік емес, шариғат талабы. Шариғат талабын орындауда Діни басқарма өзгелерге иек артып отыра алмайды. Керісінше мұндай жауапты да, саупты іске Діни басқарма жетекшілік етіп, мұрындық болуы тиіс. Себебі Ислам діні адамзатқа ақ пен қараны, сауап пен күнәні, адал мен арамды ажыратып берді. Ислам бізге тек құлшылықты ғана үйретіп қоймастан, күнделікті тұрмыс тіршіліктегі әрекетімізді, ішіп жеуге қатысты мәселені де үйретті. «Ас адамның арқауы» демекші тіршілік үшін адам ішіп-жеуге тәуелді. Онсыз мүмкін емес. Алайда мұсылман адам алдына келгенді, қолына түскенді жей алмайды. Әуелі астың адал әрі таза болуы қажет екенін Алла бізге әмір еткен. Астың адалдығына байланысты Құранда Алла Тағала былай дейді:

يَا أَيُّهَا الرُّسُلُ كُلُوا مِنَ الطَّيِّبَاتِ وَاعْمَلُوا صَالِحًا

«Әй, пайғамбарлар, таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер» («Мүминун» сүресі, 51-аят)

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُلُوا مِن طَيِّبَاتِ مَا رَزَقْنَاكُم

«Әй, мүміндер, сендерге ризық ретінде бергенімнің тазасынан жеңдер» («Бақара» сүресі, 172-аят).

Алла тарапынан бекітілген, Пайғамбар (ﷺ) хадистерімен қуатталған ережелер жиынтығы – шариғат деп аталады. Шариғат біздің әрбір деміміздің қалай шығатынына дейін қарастырғанын ескерсек, қалай тамақ ішу, киіну мен жүріс-тұрыс т.б. ережелер толыққанды қамтылары даусыз. Шариғатта дұрыс деп бұйрылған дүние мен іс-әрекеттер – халал, ал рұқсат етілмей, бұрыс деп табылған нәрсе немесе әрекет – харам деп танылады. Мұсылмандар шариғат бекіткен халал мен харамға өте қатты көңіл бөледі. Мұсылман адам өз ойынан мынау халал немесе харам деп айта алмайды. Тіпті кейбір даулы мәселеде халал немесе харам деп кесіп үкім бере алмайды. Мәселенің халал немесе харам екенін Алла мен оның Елшісі (с.а.у.) бекітіп берді. Біздің міндет соған сай амал ету.

Жоғарыда айтып өткеніміздей шариғат рұқсат етпей, тиым салған нәрсенің барлығы харам. Ал харамнан тыйылмаған жанның ақыретте тартар азабын елестету қорқынышты. Алланың тиымына қарсы келе тұра жазасыз құтылам деу бекершілік. Мұсылман адам шамасы келгенше харам істен тыйылып, Хақ жолымен жүруі тиіс. Сол тиымның ең маңыздысының бірі харам ас ішпеу. Алла Елшісі (ﷺ) бір хадисінде харам жеген асқазанның қияметте тозақ отымен толтырылып, тек сол арқылы ғана тазаратынын ескерткен. Сол себепті сахабалар бұл мәселеге аса ыждағаттылықпен қараған.

Ішіп жегені, тапқан табысы адал болмайынша жасаған дұға да қабыл болмайды. Сондай-ақ бала-шағаға ұсынған асымыз адал болуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ)  қасиетті сапарға шыққан үсті-басы ретсіз, шашы ұйпа-тұйпа, бірақ қолын жайып «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» деп дұға жасаған біреу туралы «Бұл кісінің ішкені харам, жегені харам, кигені харам. Сөйте тұра тілегім қабыл болса дейді. Мұндай адамның дұғасы қайдан қабыл болсын?» - деген (Муслим).

Халал өнімдерін стандарттау бөлімінің мақсаты шариғат талабына сай өнім өндіруді жүзеге асыру және ішер асымыздың адал болуын қадағалау.

Смайыл Сейтбеков ҚМДБ Халал өнімдерін стандарттау бөлімінің басшысы

Бөлісу: