Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

18 қаңтар 2020

1815

Мақалалар

Жылқы еті мен сүтінің (қымыздың) үкімі

Мұсылман ғалымдарының көбісі жылқы етін жеуге рұқсат етеді. Оған Жабир ибн Абдулла (одан Алла разы болсын) жеткізген мына хидисті дәлел етеді: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хайбар (қамалын алуға бағытталған соғыс) күні асыранды есектің етіне тыйым салып, жылқы етін жеуге рұқсат етті» (Бухари, Муслим).

Әсма бинт Әбу Бәкір (одан Алла разы болсын): «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәуірінде біз Мәдинада тұрған кезде бір жылқыны сойып, оны жедік», – дейді (Бухари).

Жабир ибн Абдулла (одан Алла разы болсын) «Алла елшісімен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге сапарға шыққанда жылқының етін жеп, сүтін ішетін едік» деген оқиғаны еске алады (Даруқұтни, Бәйһақи).

Жылқының етін жеуге болмайды дейтін тарап оны тахрими (харамға жақын) мәкрух деп біледі. Себебі, олар жылқы жорық және соғыс үшін қажетті құрал, негізгі күш ретінде қолданылады деп есептейді. Алла Тағала Құранда: «Сендер де шамаларың келгенше (дұшпандарға қарсы) әр түрлі күш әрі ат байлаумен әзірлік көріңдер», – деген («Әнфал» сүресі, 60-аят).

Сондай-ақ, жылқының жүк тасымалы және шаруашылық үшін қажетті екені ескеріледі. Тіпті, оны сәнге әрі мақтанышқа ұстауға болатындығы айтылады. Құран Кәрімде: «Жылқы, қашыр және есек - мінулерің үшін және сән үшін (сендерге берілді)», – делінген («Нахл» сүресі, 8-аят).

Бұл аяттардан жылқыны жеуге болмайды деген мағына шықпайды, бәлкім оны жеумен қатар міну, жүк тасу секілді басқа да мақсаттарға, қажеттіліктерге қолдануға болатындығын ұғынамыз. Өйткені бір істің көбін пайдалану жағын айту, оның басқа тұстарын қолданбайтынын білдірмейді («Фатху баб әл-ғиная», 1/276).

Сонымен қатар, өзге үй жануарлары секілді жылқының сілекейі де шариғатта таза саналады. Ал сілекейдің үкімі жануардың етіне байланысты беріледі. Сондықтан жылқы етіне «тахрими мәкрух» деп үкім берілуі еттің нәжіс болғаны үшін емес, басқа мақсаттарда (міну, тасымалдау т.б.) пайдасы басым болғаны үшін, деп түсіндіріледі. 

Шариғат кітаптарында Әбу Ханифаның «жылқы етін жеу тахрими мәкрух» деп айтқандығының себебі де осыдан. Бұл – оның жылқы еті жайында ең әуелгі айтқан пәтуасы. Бірақ, өліміне үш күн қалғанда ол пікірін өзгерткен, яғни жылқы етін тәнзиһи (халалға жақын) мәкрух деген сөзге тоқтаған, делінеді («Хашияту Ибн Абидин», 6/616).

Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед (оларды Алла рахмет етсін), сондай-ақ шафиғи мен ханбали мәзһабтарының өкілдері жылқы етін жеуге толық рұқсат етеді («Din işleri yüksek kurulu, Fetvalar», 517 бет).

Ал жылқы сүтіне шариғатта ижмағмен (бірауыздан) халал деп үкім берілген. Һидая кітабында «Жылқы сүтінің әскери күшке зияны тимегендіктен, оны ішудің оқасы жоқ» делінген («Фатху баб әл-ғиная», 1/195).

Демек, шариғат бойынша жылқының еті де, сүті (қымыз) да адал ас болып есептеледі.

Хасан АМАНҚҰЛОВ,
Шариғат және пәтуа меңгерушісінің орынбасары

Бөлісу: