Қасапшылық сауапты һәм жауапты іс
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Халал Даму» ЖШС-нің ұйымдастыруымен бүгін Алматы қаласының орталық мешітінде қасапшылардың сауатын арттыру мақсатымен арнайы «Қасапшылық сауапты һәм жауапты іс» атты алғашқы оқу семинары басталды. Семинарға Алматы қаласы бойынша өкіл имамы Нұрбек Есмағанбетов, ҚМДБ-ның Дін істері бөлімінің меңгерушісі Тұрдыбаев Камалжан және ҚМДБ-ның жанындағы «Халал Даму» ЖШС-нің директоры Бейбіт Әліпбекұлы келіп қатысты.
Аталмыш семинардың мақсаты, еліміздің халал ет мәселесін бір ізділікке салу. Сол үшін малды халал жолмен бауыздайтын қасапшыларды оқытып, олардың біліктілігін растайтын куәліктер және сойған малының халал ережелеріне сай екендігін көрсететін арнайы мөрлер табыстау жоспарланып отыр.
Қасапшыларға арналған бұл оқу семинары Алматы қаласында бастауын алып, ары қарай өзге өңірлерде жалғасын табады деген жоспар жолға қойылып отыр.