Алматы қаласы аудандарында халалдың бақылаушылары бекітілді
Кеше Алматы қаласының Бас имамы Еркінбек Шоқайдың басшылығы және ҚМДБ "Халал Даму" ЖШС-ның Алматы қаласы бойынша жауапты өкілі Чадаев Маратханның қатысуымен халалдың кезекті отырысы өтті.
Қала аумағының кеңдігі мен халал сертификатқа ие болған мекемелер санының артуына байланысты, сертификатталған мекемелерде ай сайын бақылау жұмыстарын жүргізуді жеңілдету мақсатында әр ауданда халалға жауапты бақылаушы-имамдар бекітілді.
Отырыста Алматы қаласының Бас имамы Еркінбек Шоқай қызметке жаңадан қабылданған имамдарға халал өнімдерін стандарттау бөлімінің құрылу мақсаты, халалдың шариғатымыз бен құлшылығымыздағы алар орны, халыққа шариғатқа сай өнім ұсынудың маңыздылығына тоқталып өтті.
«ҚМДБ халал» сертификатына ие болған кәсіпорындар мен мекемелердің саны жағынан Алматы қаласы көш бастап тұр. Бүгінгі таңда 103 мекеме халал сертификатын алып, стандартқа сай қызметін атқаруда.
Алдағы уақытта, сертификатталған мекемелерде айлық бақылау және тексеру жұмыстарын халал бөлімінің Алматы қаласы бойынша жауапты өкілі Чадаев Маратханмен жаңадан бекітілген бақылаушы-имамдар жүргізетін болады.
Халал өнімдерін стандарттау бөлімінің баспасөз қызметі