Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

06 наурыз 2020

2781

Мақалалар

Арам өлген мал етін жеу күнә

Ардақ Нүсіпханұлы Оразбаев
ҚМДБ-ның Талдықорған өңірінің бас имамы

Бүкіл әлемді жоқтан бар еткен және әр тіршілік иесін рызық-несібесімен жаратқан Аллаға мақтаулармен мадақтар болсын. Алланың арам еткені мен адал еткенін баян еткен елшісіне Алланың игілігі мен сәлемі болғай.

Алла Тағаланың адам баласына арам еткен шектеулі нәрселер жайында  Құран Кәрімде толықтай баяндап кеткен. Ал мейрімі шексіз жаратушы иеміздің адал еткен нәрселері шексіз. Сол тыйым салған нәрселердің бірі – арам өлген малдың еті. Ол жайында қасиетті Құран Кәрімде былай делінген: «Сендерге өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал арам қылынды. Бірде буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш жеген мал арам. Бірақ (жаны шықпай) бауыздағандарың басқа. Және тігілген тасқа (пұтқа) арнап бауыздалған мал әрі оқтар арқылы талай сынауларың (бал ашуларың) да арам етілді» (Маида сүресі, 3 аят). Осы аятқа мән берер болсақ, Алла Тағала етін жеуге рұқсат еткен жануарларды жеу үшін адалдап сойуымыз керек. Бұл аятта мал етінің адал болуы үшін екі талап айтылуда, бірі ол тек Алланың атымен сойылуы керек, пұтқа немесе басқада жаратылыстың атымен сойылса арам болады.

Екіншіден, бауыздалуы керек. Аятта айтылғандай буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп немесе ауырып өлген және жыртқыш жеген мал арам болады. Тек олардың жаны шықпай тұрып бауыздап алған болса, ол адал болмақ.

Арам өлген малдың етін жеу адамға күнә әрі денсаулыққа зиян. Қазіргі кезде арам өлген мал еті адамға үлкен зиян әкелетінін анықтады. Егер мал тұншығып немесе әдейі тұншықтырып өлтірілген болса, өкпесіне оттегі жетпегендіктен денесінде улы көміртегі жиналып, барлық улы секрециялар пайда болады, ет осы уланудан зардап шегеді. Сондай-ақ қан шықпағандықтан адам денесіне қан арқылы ауырулар жұғады, ал қан ішу дінімізде арам етілген. Алла Тағаланың қанды ішуді арам ету себебі зерттеліп анықталуда. Алдымен жануарлардың ағзасындағы қанның қызметін анықтайтын болсақ, қан денеде екі түрлі қызымет атқарады:

 Біріншіден, ол ішектен сіңетін ақуыздар, қант және майлар сияқты қоректік заттарды дене мүшелері мен бұлшық етке жеткізеді, сонымен қатар дәрумендер, гормондар, оттегі және басқа да өмірлік маңызды элементтерді тасымалдайды.

Екіншіден, бұл жануарлардан ағзадағы зәрді, терді немесе нәжісті алып тастау үшін зиянды заттарды тасымалдайды. Егер жануар ауру болса, микробтар әдетте олардың қанында көбейеді, өйткені олар оны бір ағзадан екіншісіне беру құралы ретінде пайдаланады. Сондай-ақ әр түрлі микробтар және улы заттар қан арқылы да өтеді, міне осы нәрселер адам өміріне қауіпті.

Ал арам өлген малдың етін жеу Алла Тағаланың бұйырған нәрсесін орындамау болғандықтан күнә болып есептеледі, оның азабын Алла осы өмірде немесе ақыретте берері анық. Осы өмірдегі қиындығы оны жеген адамның құлшылығы және дұғасы қабыл болмайды.

Бір күні Сағд ибн Әбу Уаққас: «Уа, Алла елшісі! Менің әрбір дұғамның қабыл болуы үшін маған дұға етіңіз» деп өтінгенде, Алла Елшісі «Уа, Сағд тамағыңды адал қыл, сонда дұғаң қабыл болады. Жаным оның құзырында болғанмен ант етейін, расында пенде бір түйір харам асты ішіне салса, оның қырық күндік амалы қабыл болмайды және бойына харам пайдамен, өсіммен қуат алған адамға тозақ оты лайықтырақ», - деді.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әй, адам баласы! Жер жүзінде болған халал, таза нәрседен жеңдер! Және шайтанның ізіне ермеңдер! Өйткені ол сендерге ашық дұшпан», - деген(Бақара сүресі, 168 аят). Бұл аятқа кей ғалымдар адам баласы адалынан ас ішпесе, шайтанның жолына түсуіде тез болады деп түсініктеме берген. Демек біз өзімізге, бала-шағамызға арам ас берсек мына өмірде зиянын шегеміз. Бала шағамыздың ерсі істерімен жаман қылықтарына күә боламыз. Ал өзіміз тұтынбай, басқаға өткізгеннің өзінде біреуге жасаған қиянатымызды өзімізге айланып келеріде хақ. Бабаларымыз қандайда арам іс қылса, оның өзімен қоса ұрпағына да тиетіні жайлы «Істегеніңді өзіңе, қалғанын көзіңе көрсетеді» деп мәтелдеп кеткен. Алла Тағала асымызды адалынан болуын, отбасы бала-шағамыздың көз қуанышымыз болуды нәсіп етсін!

Бөлісу: