Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

15 сәуір 2021

420

Мақалалар

АЙБЕК АСҚАРБЕКҰЛЫ: АДАЛ АС ҚҰЛШЫЛЫҚТЫ ҚАБЫЛ ЕТЕДІ

Ораза айында мұсылмандар ауыз бекітіп, таңнан ақшам уақытына дейін ішіп-жеуден тиылады. Қасиетті айда Алланың мейір-рақымын үміт етіп ораза ұстаған мұсылмандар асты қалай ішкен дұрыс, сәресі мен ауызашар кезінде нені ескеру керек, қандай тағам тұтынғаны дұрыс? Бұл жайында ҚМДБ «Халал Даму» мекемесінің директоры Айбек Аташевтан сұраған едік.

 Өзіңіз «Халал Даму» мекемесін басқаратындықтан алғашқы сұрағымыз да ас-суға байланысты өрбігелі тұр. Ораза кезінде асты қалай ішкен дұрыс? 

– Ораза тұтудың сауап тұрғысынан да, адам ағзасына емдік әсері жағынан да пайдасы мол екені әлдеқашан дәлелденген. Батыста кейбір ауруларды аштықпен емдеуді жаңалық деп қабылдаса, мұсылман дүниесіне бұл тәжірибе таңсық емес. Сондықтан Ораза мейірімі шексіз Алланың қалауымен дертіңізге шипа беретін мүмкіндік айы.

Рамазан – ашығу айы емес. Асты тойып жейтін де мезгіл емес. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына сөзін есімізде ұстау маңызды: «Адамның өмір сүруіне аз ғана тағамның өзі жеткілікті. Асқазанның үштен бірін – тағаммен, екінші бөлігін – суға, ал үшінші бөлігін ауаға толтырыңдар». Ораза кезінде денсаулыққа зиян тимеуі үшін жеңіл қорытылатын тағамдар жеп, асты аз ішкен дұрыс. Себебі тойып тамақтану ағзаға көп күш түсіреді, күні бойы шаршауға шалдықтырады. Мұнымен қоса ауыз ашқаннан кейін тарауық намазы кезінде ұйқы қысып, есеңгіретеді. Дұрыс әрі адалынан тамақтансаңыз, ұйқы қысу, маужырау секілді сезімдерден арылып, төзіміңіз күшейеді.

– Оразаның адам ағзасы үшін қандай шипасы бар?

– Ораза ұстаған адамның ұйқы безі тынығып, ішкі мүшелеріндегі майлар еріп, метаболизимі жақсарады екен. Ауызымыз берік уақытта 14-15 сағатқа жуық тамақ ішуден тыйылатындықтан, адам ағзасындағы қажетсіз жасушалардың жойылу процесі іске қосылады. Әрине, оразаның алғашқы күндері қарынның ашқаны қаттырақ сезіліп, бас айналу, ауыздан жағымсыз иіс шығуы мүмкін. Бірақ уақыт өте ағза аштыққа үйрене бастайды. Рухани тұрғыдан, ораза тұтқан кісі қандай сауапқа және дәрежеге ие болады десек, Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің құдси хадисінде ораза тұтқан адамның Алла алдында орны ерекше екенін былай жеткізеді: «Ұлылығы шексіз Алла Тағала: «Адам баласының ұстаған оразасынан басқа барлық амалдары өзіне. Ал оразаның жөні бөлек. Өйткені ораза Менің разылығым үшін ұсталадыСондықтан оның қарымын (сауабын) Өзім беремін» деген».

– Ұстаған оразамыздың қабыл болуы ең алдымен астың

адалдығына да байланысты екені белгілі. Құлшылығымыз бен дұғамыз қабыл болу үшін адал асты қалай таңдау керек?

– Абдулла ибн Омар (р.а): «Намаз оқудан белі садақтай бүгіліп, ораза ұстаудан сіріңкедей қатып семіп қалсаң да, харамнан, я күмәнді нәрселерден бойыңды аулақ ұстамайынша, Алла Тағала ол құлшылықтарды қабыл алмайды», – деген. Себебі халал мен харам жеуші адам мүлдем тең емес, олар рухани дәрежесі тұрғысынан бір-біріне қарама қайшы.

Қасиетті Рамазан айында ас мәзірін дайындауда шектен тыс ысырапқа бой алдырмай, күнделікті жейтін тағамымыздан ерекшелемей, қарапайымдылықты ұстанған абзал. Оразамыз бен дұғамыздың қабыл болуының басты шартының бірі – шариғатқа сай адал ас тұтыну. Сондықтан алдымыздағы астың құрамына, неден, қалай дайындалғанына аса мән беруіміз керек. Бізге мол нығмет берген Раббымыз астың тек адалын пайдаланып, арамынан аулақ болуды ескерткен: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің адал әрі тазасынан жеңдер!» («Бақара» сүресі, 168 аят). Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адал да белгілі, арам да белгілі. Алайда осы екеуінің арасында кейбір күмәнді нәрселер бар. Адамдардың көпшілігі осының ара жігін айыра алмайды. Осы күмәнді нәрселерден бойын аулақ ұстаған жан дінін, ар-намысын сақтап қалады», – деп адал астың рухани тұрғыдан тазаруға пайдалы екенін айтқан.

– «Қымыз – кісінің қаны, Ет – кісінің жаны» деген қазақ үшін еттен асқан ас жоқ. Халал ет таңдағанда нені ескеру керек?

– Рас, қазақ үшін ең өтімді ас – ет. Шариғат адал деп белгілеп берген мал «бисмиллә» айтылып сойылмаса, дүкен сөрелерінде таза, адал етпен бірге орналастырылмаса, жүк көлігімен тасымалдағанда адал, шариғат бойынша рұқсат етілген мал етімен қатар тұрмаған жағдайда еттің арам болып шығуы ғажап емес. Егер халал ет тасымалдау, сақтау, сату кезінде ет доңыз етімен бірге тұратын болса, етке доңыз ДНК-сы жұғып, адал малдың еті де арам болып шыға келуі мүмкін. Сондықтан ауызашарға деп арнайы сатып алған етіңіз осы талаптарға сай ма, соны білуіңіз керек. Етті мейлінше тексерістен өткен дүкендерден, сертификатталған қасапшылардан сатып алған дұрыс. Құс етіне қатысты да осылай айтуға болады. Таза жеммен қоректенген, стандарт және шариғатқа сай «QMDB halal» құс өнімдерін пайдаланған дұрыс.

– Кейінгі кездері тағамға көптеген қоспалар қосылатын болды. «Халал Даму» тарапынан халал емес деп бекітілген қоспалар бар ма?

– Қазір тағамның дәмін күшейтіп, түсін өзгертіп, қоюлығын арттырып, былайша айтқанда, аз қаражат жұмсап, көбірек пайда табу үшін түрлі қоспаларды қосады. Сондықтан азық-түлік сатып аларда қаптамасын мұқият оқу қажет. Мәселен, кармин (Е120) қоспасы қосылған дүниені мүлдем сатып алмаған абзал. Кармин қоспасы «Халал Даму» мамандары тарапынан «харам» деп бекітілді. Сонымен қатар желатин (Е441), моно-диглицеридтер (Е471), глицерин (Е422),  L-цистеин (Е921) секілді көптеген күмәнді қоспалар бар. Мысалы, ауызашар кезінде ыстық бауырсақ, жұмсақ бәліш пісіру үшін ұнды жиі пайдаланамыз. Жоғары сапалы, ақ ұн екен деп сыртқы көрінісіне ғана мән беріп, ішкі құрамын назардан тыс қалдырамыз. Ұнның құрамында L-цистеин (E 920) деген қоспа болады. Ол адамның шашы, тырнағы, доңыздың, өзге де жануарлардың қылынан алынады. Цистеин қосылған ұн жақсы көтеріліп, ұнның сапасы жақсарғандай болады. Алайда бұл қоспа адам денсаулығына өте зиян. Сол себепті мұндай қоспалары бар азық-түліктерден аулақ болған жөн.

– Азық-түліктерге қатысты тағы қандай кеңес бересіз?

– Азық-түлік аларда бағасының арзанына емес, сапасы мен халал екеніне баса мән берген абзал. Себебі тағам өндірісінде алмастырушы шикізаттарды көптеп қолдану белең алған. Мысалы, сары майды – маргарин, тәтті өнімдерді – қант алмастырғыш, жеміс шырынын (сок) ароматизатормен ауыстырып жатады. Сондықтан мейлінше экологиялық тазам өнімге таңдау беріңіз. Сол секілді сүт, қаймақ, сары май, құрт, ірімшік секілді тағамдарды сертификатталған кәсіпорындардан немесе ауылдық жерлерден, фермерлік сату орындарынан алған абзал.

Ауызашар уақытында көпшілігіміз қоғамдық тамақтану орындарына баратынымыз белгілі. Ондай кезде білікті мамандар тарапынан мақұлданған, халал асханаларға барған жөн. Себебі олардың тағам дайындауда қолданатын шикізатынан бастап, тағамдық қоспаларына дейін лабороториялық зерттеу жүргізіліп, технолог мамандар бақылауынан өткізіледі. 

– Биыл ҚМДБ «Халал Даму» мекемесінің құрылғанына жеті жыл. Осы уақыт аралығында қандай шаралар атқарылды?

– Иә, Діни басқарманың бастамасымен құрылған «Халал Даму» халал стандарттау және сертификаттау ұйымының құрылғанына жеті жылдың көлемі болды. Бұл – біраз белесті бағындырған  мерзім. Қазіргі таңда 500-ден жүзден аса кәсіпорын «Халал Даму» стандарты бойынша сертификатталып, 1000-нан аса қасапшы «QMDB halal» куәлігін алды. 2018 жылы малайзиялық JAKIM ұйымынан сертификаттаудан өтіп, әлемнің 47 мемлекетіне «QMDB halal» таңбасымен өнімдерді еш кедергісіз, еркін экспорттауға мүмкіндік алдық. Карантин шараларына қарамастан Ақтөбе қаласында еліміздегі тұңғыш «Халал маркет» ашылып, жуық арада Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан да «QMDB halal» сауда орындарын ашу шаралары жүргізілуде. Халалға қызығушылық танытқан, білімін жетілдіріп, кәсіби мамандардан дәріс алуға ниетті кәсіпкерлерге, имамдар мен мешіт қызметкерлеріне, медресе, діни оқу орны шәкірттері мен ұстаздарына дәріс өткізетін Халал оқыту және білім жетілдіру орталығы ашылды.

Сонымен қатар halaldamu.kz сайты жаңартылып, «Halal Guide» мобильді қосымшасы іске қосылды. Халал таңбасын заңсыз пайдалануды болдырмау мақсатында, «QMDB halal» белгісі патенттелді. Ең үлкен жетістігіміз – халықтың сенімі. Осыдан он жыл бұрын «халал» таңбасы сауда құралына айналған еді. Тұтынушылар «халал» таңбасы бар өнімдердің адалдығына сенбек түгіл, сұраныс пен қызығушылық танытпайтын да еді. Бүгінгі таңда Алланың қалауымен, еліміздегі халал индустриясы жүйеленіп, халал азық-түліктердің сапасы жоғарылады.

– Алға қойған мақсат-жоспарларыңыз қандай?

– Ендігі мақсат – халал өнімдер аясын кеңейту. «Халал Даму» мамандары биыл стандарттарды қайта қарастырып, өндіріске арналған жалпы стандарт, мал бауыздау, қоғамдық тамақтану орындары, медициналық препараттар, косметика өнімдері, туризм (қонақ үй қызметтері) салалары бойынша 6 стандарт дайындап жатыр. Барлық стандарттар ұлттық стандарт ретінде мемлекеттік органдарға ұсынылады. «QMDB halal» стандарты бойынша отандық қана емес, алыс-жақын шетелдік кәсіпорындар да сертификатталады. Осындай сертификаттау іс-сапарларының бірінде Өзбекстан мен Қырғызстандағы ағайындарымыз «Халал Даму» тәжірибиесіне сүйене отырып, өздерінің ұлттық халал стандартын құрастыруға ниетті екенін жеткізді. Сонымен қатар БАӘ қарасты ESMA және Түркиялық SMIIC ұйымдарынан аккредиттеуден өтуге күш салудамыз. 

Сұхбаттасқан Әмина ҚАБЫЛБЕК

«Мұнара» газеті, №7, 2021 жыл 

Бөлісу: