Аккредиттеу жөнінде жиын өтті
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлының төрағалығымен «Аккредиттеу және оның жолдары» тақырыбында жиын өтті. Жиынға Ресей мұсылмандары діни басқармасы "Халал стандарттау және сертификаттау" орталығы директорының орынбасары Самат Қаленбекұлы мен «Халал Даму» мамандары қатысты.
Жиын барысында «Жол картасы» бағдарламасында көрсетілген Елбасы тапсырмасы бойынша отандық ауылшаруашылық өнімдерін «халал» таңбасымен Парсы шығанағы елдеріне тасымалдау және сату үшін «Халал Даму» мекемесін Ұлтттық аккредиттеу орталығы мен халықаралық «ESMA» ұйымнан аккредиттеуден өткізу, әлемдік талаптарға сәйкес құжаттандыру шараларын жүйелендіру мәселелері талқыланды.
«Екі ел арасындағы әріптестікті нығайтып, өзара тәжірибе алмасуда мұндай басқосулар таптырмас мүмкіндік екені сөзсіз. Қандас бауырларыңыз бен жергілікті мұсылмандардың, күллі қазақ халқының адал ас тұтынуына алаңдатушылық танытып, халықаралық халал стандарттау және сертификаттау саласындағы көп жылдық кәсіби тәжірибеңізбен бөлісіп, ғылыми-практикалық бағыт-бағдар бергеніңізге шексіз алғысымызды айтамыз!», – деген Айбек Асқарбекұлы ресейлік әріптеске ризашылығын білдірді.
Жиын барысында Самат Қаленбекұлы БАӘ, Түркия, Малайзия, Сингапурлық халықаралық ұйымдардан халал стандарты бойынша аккредиттеуден өтуге қатысты тың ақпараттармен бөлісіп, мамандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.