
«АЛАТАУ ҚҰС» ФАБРИКАСЫНЫҢ ҚАСАПШЫЛАРЫНА СЕМИНАР
«Халал Дамудың» Алматы облысы бойынша жауапты өкілі Жанәбіл Жұмабеков «Алатау құс» фабрикасының қасапшыларына оқу-семинар өткізді. Семинар барысында маман қасапшыларға халал стандарттарының негізгі талаптары мен қасапханадағы санитарлық-гигиеналық ережелерді түсіндірді. Сондай-ақ, жануарларды бауыздау кезіндегі шариғатқа сай амалдар мен олардың маңыздылығы кеңінен талқыланды.
Теориялық бөлімнен кейін тәжірибелік жұмыс жүргізіліп, қасапшыларға дұрыс бауыздау тәсілі, құрал-жабдықтарды күтіп ұстау және өндіріс орнындағы тазалықты сақтау мәселелері көрсетілді. Семинар соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тәжірибелі маманнан нақты жауаптар алды. Сонымен қатар, «Халал Даму» ұйымының жалпы қызметі, сертификаттау үдерісі мен тексеріс талаптары туралы кеңінен мағлұмат берілді. Қатысушылар халал стандарттарының әрбір сатысында — малды қабылдаудан бастап, дайын өнімді тұтынушыға ұсынғанға дейін — адалдық пен тазалық қағидаларын сақтау маңыздылығын атап өтті.
«Мұндай семинарлар тек білім беру мақсатында ғана емес, халал индустриясының сапасын арттыруға, тұтынушылардың сенімін нығайтуға бағытталған», — деді «Халал Дамудың» Алматы облысы бойынша жауапты өкілі Жаәбіл Жұмабеков.