«АЛЕЛЬ АГРО» ҚҰС ФАБРИКАСЫНА АУДИТ ЖҮРГІЗІЛДІ
«Алель Агро» құс фабрикасына жоспардан тыс аудит өткізілді. Бақылау-қадағалау шараларын «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы, сондай-ақ жергілікті бақылаушылар Жанәбіл Ахметбекұлы мен Өміржан Тұрсынұлы бірлесіп атқарды.
Аудит барысында кәсіпорынның өндірістік цехтары, құсты қабылдау және сақтау орындары, өнімді өңдеу мен орау бөлімдері жан-жақты тексерілді. Мамандар өндіріс үдерісінің барлық кезеңінде халал стандарттарының сақталуына, қолданылатын шикізаттың шығу тегі мен сапасына, сондай-ақ қызметкерлердің санитарлық-гигиеналық нормаларды орындау деңгейіне ерекше назар аударды. Тексеру қорытындысы бойынша фабрика қызметінің «QMDB Halal» стандарты талаптарына толықтай сәйкес келетіні анықталды.
Аудит барысында «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы халал талаптарын сақтау – тек өндірістік шарт емес екенін атап өтті.
— Мұндай тексерістер тек жоспарлы түрде ғана емес, жоспардан тыс та жүргізіліп тұрады. Халал мәселесіне бейжай қарауға болмайды. Бұл – тұтынушы алдындағы жауапкершілік қана емес, ең алдымен Алланың алдындағы аманат, – деді ол.
Сонымен қатар шара барысында халал сапаны тұрақты деңгейде сақтау және өндіріс үдерістерін одан әрі жетілдіру мақсатында кәсіпорынға бірқатар ұсынымдар берілді.





