АЛМАТЫ: «ФУД ЗАВОД» КӘСІПОРНЫ ТЕКСЕРІЛДІ
Алматы қаласында жартылай фабрикат өнімдерін өндіретін «Фуд Завод» кәсіпорнында халал аудит жұмыстары жүргізілді. Аталған кәсіпорын «Сегодня», «Magnum Chef», «Вкусвилл», «Continent», «Picasso», «Lukoil» және «Яндекс Лавка» сауда белгілерімен танымал өнімдер шығарады. Бақылау-қадағалау шараларын «Халал Даму» мамандары Өмірзақ Терлікбаев пен Жансая Шалқарқызы орындады.
Аудит барысында кәсіпорындағы өндіріс процесі, қолданылатын шикізат пен қоспалардың құрамы, сондай-ақ дайын өнімнің сақтау және тасымалдау талаптары жан-жақты тексерілді. Сарапшылар ет өнімдерін өңдеу, орау және таңбалау кезеңдерінде халал стандартының талаптарының орындалуына ерекше назар аударды.
Сонымен қатар, өндірісте қолданылатын құрал-жабдықтардың тазалығы мен санитариялық-гигиеналық нормалардың сақталуы қатаң бақылауға алынды. Шикізат жеткізушілердің құжаттары мен халал сәйкестік сертификаттары да мұқият қаралды.
Тексеріс нәтижесінде «Фуд завод» кәсіпорнының өнімдері халал стандарты талаптарына сәйкес келетіні анықталып, оң баға берілді. Мамандар кәсіпорынға халал сапа жүйесін одан әрі жетілдіру, ішкі бақылауды күшейту және қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша бірқатар кеңестер берді.



