АЛМАТЫ ОБЛ.: «BEST MEAT» ҚАСАПХАНАСЫ ТЕКСЕРІЛДІ
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қырбалтабай ауылында орналасқан «Best Meat» қасапханасында кезекті тексеріс шаралары орындалып, сертификаты жаңартылды. Аудит жұмыстарына «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы мен жергілікті өкіл Өміржан Терлікбаев қатысты.
Тексеру барысында қасапхана аумағындағы санитарлық-гигиеналық жағдай, құрал-жабдықтардың тазалығы, жануарларды бауыздау және ет өңдеу үдерістері жан-жақты бақылаудан өтті. Мамандар шариғат талаптарының сақталуын, пышақтың өткір әрі таза болуы және қанның толық ағуы сияқты негізгі қағидалардың орындалуын қадағалады. Айбек Асқарбекұлы қасапхана қызметкерлеріне халал стандарттарының мәні мен маңызын түсіндіріп, адал еңбек пен жауапкершіліктің тұтынушы сенімін қалыптастырудағы рөлін атап өтті. Сондай-ақ, қасапшыларға шариғат талаптарына сай мал сойып, ет өңдеу тәртіптері түсіндіріліп, семинар өткізілді. Семинар барысында мамандар халал стандарттарының мәні мен маңызы туралы айтып, өндірістік процесте адалдық пен жауапкершілікті сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Тексерістің оң нәтижесінен кейін кәсіпорынға «QMDB Halal» сертификаты табысталды. Бұл құжат қасапхананың өндірістік процесі мен өнімдерінің толықтай халал стандарттарына сай екенін растайды. Айта кетейік, «Best Meat» кәсіпорны «Каз Мясо» жартылай фабрикат өнімдерін шығарады.




