АЛМАТЫ ОБЛ.: "ПИР" ШҰЖЫҚ ЦЕХЫ СЕРТИФИКАТ ЖАҢАРТТЫ
"Халал Даму" бақылауындағы кәсіпорындардың бірі – "ПИР" шұжық цехы сертификат жаңартты. "Халал Даму" директоры Айбек Асқарбекұлының Алматы облысындағы іс сапары барысында "ПИР" шұжық цехында ревизорлық бақылау-қадағалау шаралары жүргізіліп, "QMDB HALAL" сертификаты табысталды. Аудит шараларын орындауға жергілікті инспектор-контролер Жұмабеков Жанәбіл де қатысты.
"Халал өнімдерінің қатарында сұранысқа ие азық-түліктердің бірі – шұжық. Шұжық өндірісіндегі түрлі рецептер мен жаңа технологиялар дайын өнімнің сан алуан түрін даярлауға мүмкіндік береді. Алайда, халал шұжық өнімдеріне қойылатын талап біреу – шариғат бойынша рұқсат етілген, халал стандартқа сай шикізат пен тағамдық қоспаларды қолдану, өндірісте де бекітілген талаптарды сақтау. Шұжық – өте күрделі өндірістердің бірі болғандықтан, халал өнімді халыққа ұсыну үшін кәсіби мамандар мен дін қызметкерлерінің тікелей бақылау-қадағалауын қажет етеді. "Халал Дамудың" технологтары мен шариғи кеңесшілері, инспектор-контролер мамандары тексерісінің оң нәтижесінен кейін "ПИР" шұжық цехы "Мал бауыздау және ет өңдеу", "Халал өнімдерді өндіруге, өңдеуге, дайындауға,сақтауға, тасымалдауға және сатуға қойылатын жалпы талаптар стандартына" сай деп танылған болатын. Сертификаттың жарамдылық мерзімінің аяқталуына байланысты қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп, бүгін де ревизорлық бақылау-қадағалау шаралары орындалды. Тексеріс барысында бекітілген стандарт талаптарын бұзу жағдайлары тіркелмеді", – деді Айбек Асқарбекұлы.
"ПИР" шұжық цехы "QMDB HALAL" сертификатын жаңартқандығын және берілген сертификат 22.05.2021-21.05.2022 мерзімі аралығында жарамды екенін хабарлаймыз. Мекен-жайы: Алматы қаласы, Жетісу ауданы, Полежаева көшесі,92 а.