
АЛМАТЫ: ТҮРКІСІБ АУДАНЫНДА СЕМИНАР
Алматы қаласы, Түркісіб ауданы, «Сагидолла Хазірет мешітінде» «Адал ас– жанға дауа» семинары өтті. Семинарда «Халал Даму» технологы Әселхан Сәбитқызы, аудан имамы Ержан Үсенханұлы, мешіт ұстазы Самат Қалмұханбетұлы дәріс оқыды.
Семинар барысында қатысушыларға халал өнімдердің маңыздылығы, олардың діни және денсаулық тұрғысынан пайдасы жан-жақты түсіндірілді. «Халал Даму» технологы Әселхан Сәбитқызы халал стандарттарының талаптары, өндіріс үдерісіндегі тазалық пен адалдық принциптері туралы кеңінен айтып берді. Аудан имамы Ержан Үсенханұлы адал ас ішудің рухани маңызы мен шариғаттағы орнына тоқталып, күнделікті өмірде мұсылман баласы адал ризық табуға ерекше мән беруі керектігін еске салды. Ал мешіт ұстазы Самат Қалмұханбетұлы халал мен харам тағамдардың айырмашылығы жайлы, сондай-ақ ата-аналардың балаларын адалдыққа тәрбиелеу жолдары туралы пайдалы мәліметтермен бөлісті.
Семинар соңында қатысушылар спикерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Шараға жиналған жамағат «Адал ас – жанға дауа» семинарының қоғам үшін аса маңызды екенін айтып, осындай танымдық кездесулердің жиі ұйымдастырылуын сұрады.