АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ МЕШІТТЕРІНДЕ СЕМИНАР ЖАЛҒАСУДА
Алматы облысы мешіттерінде халал бағытын насихаттауға арналған семинарлар жалғасуда. Осы аптада жауапты өкіліміз Жанәбіл Жұмабеков Қарасай ауданы, «Түркістан мешіті-1», Ақсеңгір ауылы «Сәтінбай» мешіті жамағатымен және Талғар ауданы мешітінің имамдарымен кездесу өткізіп, халалдың маңыздылығын жеткізді.
Семинар барысында шариғатымыздағы халалдың орны мен маңызы жөнінде түсіндірген өкіліміз: «Алла пендесі үшін нені халал десе, ол сырда қайыр мен хикмет бар, ал нені харам десе, онда адам ғұмыры үшін ұшан-теңіз зиянның бар екендігі күмәнсіз», – деп халалдың салмағы мен сұрауы мол екендігін жеткізді.
Сонымен қатар, халал өнімдер технологиясы мен стандарт талаптары, зертханалық тексерістің маңыздылығы, тағамдық қоспалар жөнінде баяндап, жамағат тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.