Алматы облысы: "Нұрманбай" мешітінде "Қасапшылық сауапты жауапты іс" турасында семинар өткізілді.
Алматы облысы, Іле ауданы, Жанарна ауылында орналасқан "Нұрманбай" мешітінде "Халал Дамудың" жергілікті өкілі Жұмабеков Жанәбіл "Қасапшылық сауапты жауапты іс" турасында семинар өткізді.
Дәріс барысында өкіл имам сөз сөйлеп, қасапшылықтың үлкен жауапты іс екенін түсіндіріп, насихатын айтты.
Алла Тағала қасиетті Құранның «Мәида» сүресінде: «Сендерге: Өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал арам қылынды. Бірде буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш жеген мал арам. Бірақ (жаны шықпай) бауыздағандарың басқа»,-деген еді. Исламнан қалыптасқан ата салтты берік ұстанған аталарымыз шариғат жолынан ауытқымаған-ды. Алайда нарыққа ғана байланып, адал мен арамның аражігі адыра қалғанда санаға сіңген тыйымдар да далада қалды. Жасыратыны жоқ, бүгінде кейбір қасапханаларда малдың бауыздау ережесімен сойылмайтыны, тіпті кейде сол жерде өліп қалған сиырдың да сойылып, етке өткізілгені туралы ақпараттар тарап жатады. Ол ақпараттардың бірі рас, бірі жалған болар, бірақ жұрттың адал бауыздалған малдың етін жегісі келетіні ақиқат. Өйткені өлексені азық қылғанның денсаулыққа зияндылығы ғылыми дәлелденген.