Алматы қ.: «Qaganat» және «Tagam» асханалар желісі тексерілуде
«Халал Даму» мамандарының Алматы қаласындағы іс сапары барысында «Qaganat» және «Tagam» асханалар желісін тексеру қолға алынды. Аудит жұмыстарын «Халал Дамудың» бас сарапшы технологы Жанар Сапорқызы, технолог Айзат Сатаева, жергілікті инспектор-контролер Маратхан Чадаев орындауда.
«Qaganat» және «Tagam» асханалар желісі «Тамақтандыру қызметтері» және «Халал өнімдерін өндіру, өңдеу, сақтау, тасымалдау және сатуға қойылатын жалпы талаптар» стандарттарына сәйкес сертификатталған болатын. Алматыдағы кезектен тыс тексеріс барысында өңірдегі «Qaganat» асханалар желісінің 20, «Tagam» асханалар желісінің 7 нүктесінде тексеріс жұмыстары жүргізілуде. Бақылау-қадағалау барысында тамақтандыру қызметтері, халал өнімдерін өндіру, өңдеу, сақтау, тасымалдау және сатуға қойылатын жалпы талаптар стандарттарының сақталуы басты назарға алынды. Тексерістің алғашқы легінде қадағаланған асханалар желісінде «QMDB Halal» стандарты талаптарын бұзу жағдайлары анықталмады. Алдағы күндері «Qaganat» және асханалар «Tagam» желісінің қалған бөлігі халал стандарт талаптарын сақтау және орындау талаптары бойынша тексерілетін болады», – деп хабарлайды бақылаушы мамандар.