.jpeg)
АЛМАТЫ: «VKUSNOFF» ЖӘНЕ «SYRBAZ» ДӘМХАНАЛАРЫ СЕРТИФИКАТТАЛДЫ
Алматы қаласындағы «Vkusnoff» және «Syrbaz» қоғамдық тамақтану орындары «QMDB Halal» стандарты талаптарына сай сертификатталды. Сертификатты Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан табыстады.
Сертификаттау барысында мекемелердің өндірістік үдерісі, қолданылатын шикізаттары мен сақтау шарттары мұқият тексерілді. Сараптама нәтижесінде «Vkusnoff» және «Syrbaz» дәмханаларының бекітілген халал стандарттарына толық сәйкес келетіні анықталды.
Сертификатты табыстау рәсімінде Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан халал өнімдерінің маңыздылығына тоқталып, кәсіпкерлерді адалдық қағидаларын сақтауға шақырды. Ол өз сөзінде: «Халал – тек қана тағам емес, өмір сүру мәдениеті. Адал тамақтану – денсаулықтың, ал адал кәсіп – берекенің кепілі. Сондықтан халал стандарттарын ұстану – әрбір кәсіпкердің жауапкершілігі. Бүгінде тұтынушылардың халал өнімдерге деген сұранысы артып келеді. Бұл – кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік әрі аманат», – деп атап өтті.
Өз кезегінде қоғамдық тамақтану орындарының өкілдері халал талаптарын қатаң сақтай отырып, тұтынушыларға сапалы әрі сенімді өнім ұсынуды басты міндеттері ретінде қарастыратындарын жеткізді.