Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

28 мамыр 2021

160

Жаңалықтар

АЛМАТЫДА ХАЛАЛ ЖӘРМЕҢКЕ ӨТТІ

Бүгін, Алматы қалалық орталық мешіті алаңында "Халал өнімдер жәрмеңкесі" өткізілді.  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты "Халал Даму" ұйымының ұйымдастыруымен өткізілген жәрмеңкеге ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Оңғаров Ершат Ағыбайұлы және аппарат қызметкерлері, "Халал Даму" мамандары, "QMDB halal" стандарты бойынша сертификатталған кәсіпорындар мен қала тұрғындары және қонақтары қатысты.

Халал өнімдерді халыққа насихаттау мақсатында өткізілген жәрмеңкені  салтанатты түрде ашқан ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: "Алла Тағала барша құлдарына тура жолды нұсқаушы етіп Құран Кәрім мен Пайғамбарымызды (с.а.у) жіберді. Туралықтың жаршысы болатын құлшылықтың өзегін халал дүние құрайды. Діни басқарманың негізгі бағыттарның бірі – халал стандарттау және сертификаттау саласы. Алла Тағаланың  ұлы сөздері қасиетті Құран Кәрімде адамзат баласына көл-көсір нығметтер беріп, жер бетіндегі халал мен харам нәрселердің ара жігін айырып көрсеткен. Алла пендесі  үшін нені халал десе, ол сырда қайыр мен хикмет бар, ал нені харам десе, онда адам ғұмыры үшін ұшан-теңіз зиянның бар екендігі күмәнсіз. Осы турасында "Бақара" сүресінің 168-аятында былай деп түсіндіреді: "Уа, адамдар, жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!", – делінген. Бүгінгі таңда, "QMDB halal" сертификатына ие болған, 600-ден астам кәсіпорын бар. Еліміздегі пандемиялық жағдайда байланысты оңтүстік өңірдегі 23 кәсіпорын ғана бүгінгі жәрмеңкеде өз өнімдерін ұсынуда. Ендеше, сіздердің игіліктеріңіз үшін ұйымдастырылған халал өнімдер жәрмеңкесіне қош келдіңіздер! Алла әрбір қадамдарыңызға сауаптардан жазсын!", –деді.

Сонымен қатар, адал жолмен кәсіп қылып, елге қызмет ету арқылы халал индустриясын дамытуға, отандық өнімді танытуға, экономикамызды өркендетуге үлес қосып жүрген 30 кәсіпорын  Бас мүфтидің "Үздік халал кәсіпорын" алғыс хатымен марапатталды. Және Алматы облысы мен Алматы қаласының жауапты өкілдері Жұмабеков Жанәбіл мен Чадаев Маратхан мырзаға діни басқарманың "30 жылдық мерейтойы" медальі табысталды.

"Сіз – «QMDB HALAL» таңбасымен адал өнім өндіру арқылы халық игілігі мен ұлт болашағы үшін қызмет етудесіз. Бұл марапат - Сіздердің еңбектеріңізге мұсылман жұртшылығы тарапынан берілген жоғары баға. Халал Дамумен» серіктестікте ел игілігі, ұлт болашағы үшін атқарған еңбектеріңізге алғыс айтамын! Алла кәсіптеріңізге береке беріп, ризықтарыңызды адалынан қылғай!", – делінген алғыс хатта. 

Ашылу салтанатынан кейін Бас мүфти халал өнімдер жәрмеңкесін аралап, "Халал Дамудан" сертификаттаудан өткен кәсіпорын өнімдерімен танысты.











Бөлісу: