АЛМАТЫДАҒЫ КӘСІПОРЫНДАР СЕРТИФИКАТ ЖАҢАРТТЫ
Бүгін Алматы қаласында "Халал Даму" басшылығы мен мамандарының қатысуымен кезектен тыс бақылау-қадағалау шаралары басталды. Ревизорлық бақылаудың алғашқы кезегінде өңірдегі "Назик и Ко" мұздатылған жартылай дайын өнімдер өндіруші кәсіпорын мен "Сатыбалды" шұжық цехы тексеріліп, жаңартылған "QMDB Halal" сертификаты табысталды. Аудит жұмыстарын "Халал Даму" директоры Айбек Асқарбекұлы мен жергілікті инспектор-контролер Маратхан Чадаев орындады.
«Халал Даму» мамандары өндіріс аймағында бақылау-қадағалау жұмыстарын жүргізіп, өнімдердің халал стандарт және шариғат талабына сай өндірілу, өңдеу, дайындау, сақтау, тасымалдауын қадағаланды. Тексеріс барысында "Назик и Ко" және "Сатыбалды" кәсіпорындарында халал стандарт талаптарын бұзу жағдайлары тіркелмеді. Аталған кәсіпорындар өндірісі мен қызметі, дайын өнімі бекітілген талаптарға толықтай сай екендігі анықталды.
Тексерістің оң қорытындысынан кейін "Халал Даму" директоры Айбек Асқарбекұлы "Назик и Ко" және "Сатыбалды" кәсіпорындарына "QMDB Halal" сертификатын табыстады.