Ақтөбе қ.: «Сарқыт» рестораны тексерілді
Ақтөбе қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарының бірі – «Сарқыт» ресторанында халал стандарты бойынша алғашқы аудит жұмысы жүргізілді. Бақылау-қадағалау шараларын «Халал Дамудың» бас сарапшы технологы Айжан Омарованың мен жергілікті инспектор-контролер Жарасхан Абдусаламов орындады.
Аудит барысында халал стандарты бойынша тамақтану орындарына қойылатын талаптардың орындалуы, шикізат пен тағамдық қоспалардың шариғатқа сай болуы, өндіріс аймағының тазалығы, дайын өнімдердің тоңазытқыштар мен мұздатқыштарда дұрыс сақталуы, қызметкерлердің гигиеналық санитарлық тазалықты сақтай отырып, ас әзірлеуі секілді барлық мәселелер қарастырылды. Тексеріс қорытындысы бойынша акт толтырылып, кәсіпорын қызметкерлеріне халал турасында оқу-семинар өткізілді.
«Халал ас тұтыну – әрбір мұсылман үшін маңызды. Сондықтан да, кәсіпкерлер мен қызметкерлерге шариғатымыздағы халалдың орны мен маңызы, халал стандарт талаптарын сақтай отырып қызмет көрсету мәселерін түсіндіру біздің міндетіміз. Сол себепті, халал жөнінде барлығымыздың біліміміз бен ақпаратымыздың болуы шарт», – деген Айжан Қалмаханқызы стандарт талаптарын толықтай түсіндіріп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
«Сарқыт» ресторанын сертификаттау процессі әлі де аяқталмағандығын және де сертификаттау нәтижесімен алдағы уақытта бөлісетіндігімізді хабарлаймыз!