
ҚАРАҒАНДЫДАҒЫ КӘСІПОРЫНДАР СЕРТИФИКАТТАЛДЫ
Қарағанды қаласындағы 6 кәсіпорын «QMDB Halal» стандарты талаптарына сай сертификатталды. Атап айтқанда, «Zakira Tattileri», «Sweetness», «Мамулины вкусняшки», «Кәусар» кәсіпорындары. Сертификатты «Халал Даму» технологы Жанат Ахметқызы мен «Әнет баба» мешітінің ұстазы Әйгерім Берікболқызы табыстады.
Сертификаттау рәсімі барысында кәсіпорын өкілдеріне халал стандарттарының маңызы, өндіріс орындарында шариғат талаптарының сақталу ережелері және халал өнімдерді нарыққа шығару талаптары түсіндірілді.
«Халал Даму» технологы Жанат Ахметқызы кәсіпорындарға жүргізілген аудит нәтижелері туралы айтып, өндірістік процестердің халал стандарттарына сәйкестігін растады. Сонымен қатар, ол халал сертификатының тұтынушылар сенімін арттырудағы рөлін атап өтті.
Ал, Әйгерім Берікболқызы кәсіпкерлерді адал өнім өндіру ісінде жауапкершілікпен жұмыс істеуге шақырып, кәсіпкерлерге сәттілік тіледі. Сертификат табыстау рәсімінен кейін кәсіпкерлер өз сұрақтарын қойып, халал стандарттарын сақтау бойынша қосымша кеңестер алды.