А.АСҚАРБЕКҰЛЫ ДІНТАНУ ИНСТИТУТЫ ЖИЫНЫНДА
Бүгін Алматы қаласында Философия, саясаттану және дінтану институты «Халал феномені және зайырлы мемлекеттердегі экологиялық сананың қалыптасуы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстелге «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы және Философия, саясаттану және дінтану институтының Бас директоры, ҚР ҰҒА Академигі Серік Тұрарұлы, Қазақ ұлттық университеті, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті т.б жоғары оқу орындарының ағартушы ғалымдары, аға ұстаздары, ғылыми қызметкерлері қатысты.
«Халал феномены және тұлғаралық қарым-қатынастағы адалдық» тақырыбында баяндама оқыған Айбек Асқарбекұлы: « Дөңгелек үстелдің мақсаты – көпмәдениетті зайырлы Қазақстанның пәнаралық дискурсындағы «халал» феноменінің мәнін, оның рухани-өнегелік, экологиялық, рационалды мәнін ашу. Бұл іс шарада Зайырлы мемлекеттердегі «халал» ұғымының қалыптасуындағы исламдық ілімдер мен сенімдердің рөлін және олардың экологиялық санаға әсері, «Халалға» байланысты философиялық ұғымдарды, этикалық жүйелер мен дүниетанымдарды және олардың экологиялық сананы қалыптастыруға қосқан үлесін қарастыру, Зайырлы қоғамдардағы «халал» түсінігі мен тәжірибесіне әсер ететін әдет-ғұрып, дәстүр, қоғамдық пікір, стереотиптер мен әлеуметтік құндылықтар сияқты әлеуметтік-мәдени факторларды және олардың экологиялық санамен байланысын талдап, ой-пікір алмасты», – деп халал және оның қарым-қатынаста көрініс табуы жөнінде кең көлемде мағлұмат берді.
Дөңгелек үстел соңында қатысушылар жиынның пайдалы да, берекелі болғанын жеткізіп, алдағы уақытта «Халал Даму» ұйымымен бірлесе қызмет жасауға, түрлі шаралар ұйымдастыруға уағдаласты.