Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

06 маусым 2024

397

Жаңалықтар

ҚАСАПШЫЛАРҒА ОНЛАЙН-ОФЛАЙН ФОРМАТТА СЕМИНАР ӨТТІ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен қасиетті Құрбан айт мейрамына орай «Халал Дамудың» ұйымдастыруымен «Қасапшылық – сауапты hәм жауапты іс» тақырыбында онлайн-офлайн семинар өтті. Семинарға уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, ғұламалар кеңесінің хатшысы Батыржан Берденұлы,  «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы, шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлі, ветеринарлық санитария ісінің маманы Данияр Бақзейнелұлы және жергілікті бақылаушылар мен технологтар, өңірлік қасапхана қызметкерлері қатысты. 

«Алла Тағала Құранда: «Сендерге: өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал харам қылынды. Және буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш жеген мал харам…» Бұлардың бәрін жеуге болмайды, «… бірақ (жаны шықпай) бауыздалғандардан басқа» деген. «Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала барлық нәрсені жақсылап істеуді бұйырды, сондықтан малды сойсаңдар, дұрыстап сойыңдар», – деген Батыржан Берденұлы қасапшылықтың маңызды іс екенін атап өтті.

Айбек Асқарбекұлы барлық өңірде құрбандық шалатын арнайы орындар әзірленіп, әрбір қасапханада сертификатталған қасапшылар қызмет атқаратынын жеткізді. Және де шариғат нормаларын сақтап, халал стандартқа сай мал сою – үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Бауыржан Әбдуәлі мен Данияр Бақзейнелұлы құрбан шалудың шариғи үкімдері мен талап-шарттарын кеңінен түсіндіріп, халал стандартқа сай мал бауыздау және ет өңдеу шарттарын баяндады. Семинар соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.


Бөлісу: