А.АСҚАРБЕКҰЛЫ "QAZAQSTAN-QOSTANAI" ТЕЛЕАРНАСЫНДА
«Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы Қостанайдағы іс сапар барысында «Qazaqstan-Qostanai» телеарнасына сұхбат берді. Қазақстандағы халал индустриясының даму тенденциясына қызығушылық танытқан Қостанайлық БАҚ өкілдері «Халал Даму» жұмысымен танысты.
"Халал барша мұсылмандардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысты шариғат тиым салмаған іс-әрекеттер шеңберін қамтитын тек Ислам дініне ғана тән ұғым. Расында, халал мен харам Алла Тағаланың әмірлерімен белгіленеді. Ешбір адам өз білгенімен халалды харам, харамды халал ете алмайды. «Адал», «арам» деген ұғымдарды Алла Тағала бекіткен. Кейінгі кезде елімізде халал өнімге сұраныс артып келеді. Сол себепті, "халал" мен "харамды" айқындау үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан "Халал Даму" стандарттау және сертификаттау органы құрылды", – деп "Халал Даму" ұйымының атқаратын қызметі мен "QMDB halal" таңбасының маңызын түсіндірді.
"Әр жыл сайын әлем бойынша азық-түлікке 22 млрд АҚШ доллары жұмсалады, ал оның 3 млрды халал индустриясы саласына кетеді екен. Қазақстанда да бұл көрсеткіш жылдан-жылға артуда, тіпті, көршілес елдерді де халал өніммен қамту мүмкіндіге ие болмақ. 2000 жылдармен салыстырғанда соңғы 20 жылда бірнеше жүздеген халал кәсіпорындар ашылды. Қазіргі таңда «Халал Даму» бақылауында 700-ге жуық компания бар", – деп Қазақстан халал нарығының әлемдік аренаға дайын екендігін жеткізді.