А.АСҚАРБЕКҰЛЫ РЕСЕЙЛІК ӘРІПТЕСТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен Ресей Федерациясында іс сапарда жүрген "Халал Даму" директоры Айбек Асқарбекұлы РФ мұсылмандары діни басқармасына қарасты халықаралық халал сертификаттау және сертификаттау орталығының басшысы Газизов Айдар Габдулловичпен кездесті.
Кездесу барысында көршілес елдердің діни саладағы қарым-қатынасы, халал индустриясын дамыту жолдары, "халал" таңбасы бар өнімдерді бақылау-қадағалау, өзара тауар алмасу секілді өзекті мәселелер сөз болды. Екі елдің сертификаттау органдары арасындағы әріптестік байланыстың нығайып келе жатқандығын атап өткен Айбек Асқарбекұлы: "Біздің дініміз бір, мақсатымыз ортақ – ел мен жерді, ұлттар мен халықты, салт пен дәстүрді байланыстыра отырып, дін жолында қызмет ету. Дініміздің басты бағыттарының бірі – күллі мұсылмандар үшін өзекті болған халал индустриясы. Қазіргі таңда, 700-ден астап кәсіпорын "QMDB Halal" стандарты бойынша сертификатталған. Бұл тізімде ресейлік кәсіпорандар да бар", – деген Айбек Асқарбекұлы Айдар Габдулловичті "Халал Дамудың" бағыт-бағдары, алдағы жұмыс жоспарымен таныстырды.
Тараптар кездесу барысында халықаралық және жергілікті халал саласындағы мәселелер жөнінде талқылап, Татарстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен өткен ХІІ халықаралық «Ресей – Ислам әлемі: KazanSummit» экономикалық саммиті жайлы пікір алмасты. Айдар Габдуллович Айбек Асқарбекұлының Қазан қаласындағы экономикалық саммитінде мазмұнды баяндама жасауын жоғары бағалап, тарихи іс-шаралар екі елдің рухани байланысына оң ықпал ететінін ерекше атап өтті. Кездесу соңында Айбек Асқарбекұлы қазақи салт-дәстүр бойынша, Айдар Габдулловичке сый-құрмет көрсетті.