Астана қаласы: «Халал - шариғат талабы» атты семинар өтті
Әзірет Сұлтан мешітінде «Халал Даму» сертификаттау және стандарттау орталығының ұйымдастыруымен «Халал - шариғат талабы» атты семинар-тренинг өтті. Семинарда «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы, бас сарапшы маман Айжан Қалмаханқызы, технолог мамандар Айзат Ермекқызы мен Меруерт Саттарқызы сөз сөйледі және Астана қаласындағы мешіт асханаларының барлығы қатысты.
Аталмыш семинарды өткізудегі негізгі мақсат – адал астың маңыздылығын түсіндіру және Астана қаласындағы халал сертификатына ие болған мешіт асханалары қызметкерлерінің іс-тәжірибелері мен біліктіліктерін арттыру, жаңа пәтуә мен технологияларды таныстыру.
Семинар барысында, күнделікті қолданып жүрген азық-түлігіміз бен өзге де тұрмыстық заттарыдың тазалығы мен адалдығына аса мән беру керектігі туралы айтылды. Сонымен қатар халал сертификатын берудегі мақсат пен оның маңызын түсіндіре келе сертификат алудың шарттары айтылып өтті. Оған қоса, мал мен құс өнімдерін алуда ескеруге тиіс жайттар жайында айта келе, мұсылман баласы астың адалдығына мән бермесе құлшылық пен дұғаның қабыл болуына зияны тиетінін аят пен хадистер аясында түсіндірме жұмыстары өтті.
«Сіздердің мешітте беріп жатқан кез-келген тұтынушыларға, дін қызметкерлеріне ас беретін болғандықтарыңыздан астарыңыз түгел шариғат талаптарына, халал стандартқа сәйкес болуы өте маңызды» - деп атап өтті Айбек Асқарбекұлы.