АСТАНАДАҒЫ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ СЕМИНАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
«QMDB Halal» оқыту және білім жетілдіру орталығында Астана қаласындағы сертификаттаудан өткен кәсіпорын өкілдеріне оқу-семинар өткізілді. Семинарды «Халал Дамудың» директоры Айбек Асқарбекұлы мен бас сарапшы технолог Айжан Қалмаханқызы жүргізді.
Оқыту барысында шариғатымыздағы халалдың орны мен маңызы жөнінде түсіндірген Айбек Асқарбекұлы: «Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде жер бетіндегі халал мен харам нәрселердің ара жігін ажыратып көрсеткен. Себебі, халал – ел экономикасы мен Ислам әлемі үшін маңызды бағыттардың бірі десек қателеспейміз. Әлемде халал өнімге сұраныс күн санап артып келеді. Халықаралық экономикалық қатынастарды нығайту, отандық халал индустриясын дамыту мақсатында «Халал Даму» әрдайым кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді. Сіз бен біздің бірлескен еңбегіміз сауда нарығындағы жаңа бағыттарға жол ашады деп сенеміз»», – деген Айбек Асқарбекұлы халал саласындағы өзекті мәселерді қозғап, қатысушылар сұрақтарына жауап берді. Ал, технолог маман халал өнімдер технологиясы мен стандарт талаптары, зертханалық тексерістің маңыздылығы, тағамдық қоспалардың өндірісі жөнінде баяндады.
Естеріңізге сала кетейік, биыл ҚМДБ ғимаратынан «QMDB Halal» оқу және білім жетілдіру орталығы ашылған болатын. Оқу орталығында білім алуға ниет білдірген қарапайым тұтынушылардан бастап, жоғарғы оқу орындары мен медрессе студенттеріне, мешіт имамдары мен ұстаздарға, сертификатталған кәсіпорын қызметкерлеріне, қасапшыларға жүйелі түрде оқу-семинар шаралары жүргізіліп келеді.