Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

15 қыркүйек 2021

112

Жаңалықтар

АТЫРАУ ОБЛ.: ХАЛАЛ ТУРАЛЫ УАҒЫЗ-НАСИХАТ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы Атырау облыстық "Иманғали" Орталық мешітінде тамақтандыру саласында "QMDB Halal" сертификатын алған мекеме басшыларымен кездесу өткізді. "Адал ас пен еңбек" тақырыбында өткен уағыз-насихатқан жергілікті инспектор-контролер Қайрат Аманжол, жергілікті кәсіпкерлер мен кәсіпорын қызметкерлері қатысты.

Кездесу барысында Сансызбай Құрбанұлы "Асыл агро" мекемесінің басшына "QMDB Halal" сертификатын табыс етті. "Асыл Агро" Атырау облысындағы шұжық өндірісімен айналысатын өндіріс орындарының бірі. Кәсіпорынның 25 түрлі өнімі "Халал өнімдерді өндіруге, өңдеуге, дайындауға, сақтауға, тасымалдауға және сатуға қойылатын жалпы талаптар" стандартына сай деп танылды. "Асыл Агро" шұжық өнімдеріне берілген "QMDB Halal" сертификаты 31.08.2021-30.08.2022 мерзімі аралығында жарамды.

"Халал – бұл денсаулық, дұрыс тамақтану, экологиялық таза өнім, жоғарғы сапа, сенім, адал еңбекпен келген ризық. Көпшіліктің түсінігінде халал – тек азық-түлікке қатысты діни концепция ретінде қалыптасқан. Шын мәнінде, халал – ең алдымен адал ризық табудан басталады. Кімде-кім бала-шағасын, отбасын адал жолмен ризықтандыруды қаласа, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құлшылық он бөліктен, ол он бөліктің тоғызы халал ризық-несібе табудан тұрады» деген хадисіне сай амал еткені жөн. Адал еңбектің нәтижесі – адал ас табу, ішіп-жейтін нәрселердің діни тұрғыдан халал, таза болуы", – деген Сансызбай Құрбанұлы қатысушыларға шариғаттағы халалдың маңызы мен орнын, адал астың адамзатқа тигізер пайдасы мен артықшылықтарын жеткізді.


Бөлісу: