БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Бүгін ҚМДБ төрағасының орынбасары, найб мүфти Кенжетай Байкемелұлының төрағалығымен «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау орталығының қызметкерлері мен өңірлердегі мамандарына арналған оқыту семинары өтті. Семинарда «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы және ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы, Молекулярлық-генетикалық зерттеулер зертханасы, Ядролық медицина орталығының мамандары баяндама жасады.
Жиынның ашылуында Кенжетай Байкемелұлы жиналғандарды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтойымен құттықтап, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізді. Сонымен қатар, мүфтидің бағдарлық баяндамасында халал саласының назардан тыс қалмайтынын атап өтті.
Ал, «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы өз кезегінде, халал индустриясын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтіп, ұйымның алдағы жоспарлары мен міндеттеріне тоқталды.
«Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» мен «Молекулярлық-генетикалық зерттеулер зертханасы» сияқты салалық мамандар халал өнімдердің сапасын бақылау, сертификаттау процесінің маңызды кезеңдері мен қазіргі заманғы зерттеу әдістері туралы баяндап, қатысушылардың кәсіби білімдерін тереңдетуге мүмкіндік берді. Семинар барысында қатысушылар сұрақтарын қойып, ұсыныс пен пікірлерін білдірді.Жиын соңында халал өнімдердің сапасын жақсарту, стандарттарды жетілдіру және халықаралық серіктестіктерді нығайту бағытында бірқатар маңызды шешімдер қабылданды.