
БҚО: АЙЛЫҚ АУДИТ
Батыс Қазақстан облысындағы кәсіпорындарда кезекті айлық аудит жүргізілді. Бақылау-қадағалау шараларын «Халал Даму» технологы Мейіржан Бауыржанұлы мен жергілікті маман Асхат Асылбеков орындады. Аудит барысында шұжық цехтары, қоғамдық тамақтану орындары, ет дүкендері, кондитерлік цехтар т.б өндіріс орындары тексерілді.
Тексеру кезінде өндіріс орындарында тазалық пен санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуына, шикізат пен қосалқы өнімдердің халал стандарттарына сәйкестігіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, қызметкерлердің халал қағидаттары бойынша білім деңгейі мен жұмыс барысында қолданылатын технологиялық процестер де зерделенді.
Нәтижесінде бірқатар кәсіпорындарда талаптарға толық сәйкес жұмыс жасайтындығы расталды. Ал кейбір нысандарға ескерту беріліп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша нақты ұсынымдар ұсынылды.
«Халал Даму» мамандары мұндай жоспарлы аудиттердің басты мақсаты — тұтынушыға адал өнім жеткізуді қамтамасыз ету және халал стандарттарының орындалуын тұрақты бақылауда ұстау екенін атап өтті.