Еуразия Одағының отырысы өтті
"Халал"стандарттау және сертификаттау ұйымдарының арасында онлайн халықаралық конференция өтті.
Аталған халықаралық басқосуға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің халал стандарттау және сертификаттау ұйымдарының басшылары мен қызметкерлері қатысты. Жиын барысында Халал сертификаттаушы ұйымдардың Еуразиялық одағын құру, оның аясындағы ортақ жұмыстар туралы пікір алмасылды. Ресей Мүфтилер Кеңесіне қарасты халал стандарттау және сертификаттау орталығының басшысы Айдар Газизов Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының "Халал Даму" орталығы ең үлкен әріптес және халал тауар айналымындағы ең үлкен серіктес екенін атап өтті.
Халықаралық жиында сөз алған «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы: "Біз бір-бірімізбен сауда-саттық, импорт, экспорт мәселесінде тығыз қарым-қатынастамыз. Сол үшін әр елдің Діни басқармалары жанындағы халал стандарттау бөлімі тарапынан сертификатталған өнімді тану әрі халал аясын кеңейту, табыс көзіне айналдырған жекеменшік сертификаттау орталықтарының заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қою қажет, ол үшін біз тығыз қарым-қатынаста болуымыз қажет. Сонымен қатар халал индустриясында жалған ақпарат таратушылар мен үй жануарларын сою стандартындағы механикалық сою мәселесіне қатаңдық керек" деді.
Жиында әр сертификаттаушы ұйым басшысы да өз көзқарастарын білдіріп, көптеген ұсыныстар ортаға салынып, талқыланып, келесі мәжілісте көтерілген ұсыныстар жайында ортақ шешімге келуге уағдаластық жасалды.