ҒИБРАТТЫ ОҚИҒА: ҮШ ӘМИН
**Бұл – Рамазан айын сүйіншілеп, күллі мұсылман жұрты оразаға дайындалып жатқанда жыл сайын айтылатын ғибратты оқиға.** Сахаба Кағб ибн Ужра (р.а.) былай дейді: «Бір күні Алла Елшісі (ﷺ) мінберге бір саты жоғары көтерілгенде сәл тоқтап, «Әмин» деді. Екінші басқанда тағы да «Әмин» деді. Үшіншіде тағы да айтты. Мінберден түскеннен кейін бұл көрініске таңырқап тұрып қалған мен: – Уа, Алланың Елшісі, бүгін сізден бұған дейін көрмеген қимыл көрдік. Не екенін түсіндірмес пе екенсіз? – деп сұрадым. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): – Мінберге көтерілгенімде маған Жәбірейіл (ғ.с.) періште келіп: «Рамазанға жете тұра ораза ұстап күнәдан тазармаған адам оңбасын», – деді. Мен «Әмин» дедім. Екінші сатыға шыққанда, «Сенің атыңды ести тұра, салауат айтпаған адам оңбасын», – деді. Мен «Әмин» дедім. Үшінші сатыға шыққанда, «Әке-шешесі қартайғанда, соларды бағып ризалығын ала алмаған адам оңбасын», – деді. Мен тағы да «Әмин» дедім, – деп түсіндірді». ...Бұл Рамазанға жеткен де бар, жетпеген де бар. Ауырып-сырқап, ес-түссіз, өмір мен өлім арасында жатқандар да жоқ емес. Келесі жылдың Рамазанына да кімдердің аман-сау жететіні тек бір Аллаға аян. Ендеше Алла бұйыртып, осы Рамазанға басыңыз аман, бауырыңыз бүтін, деніңіз сау күйде жеткен болсаңыз, шынайы ниетпен, ықыласпен ораза тұтуды сізге Хақ Тағала нәсіп еткей! Әмин!