"ХАЛАЛ ДАМУ" ТАТАРСТАНДА
Қазан қаласына арнайы іс сапармен келген "Халал Даму" директоры Айбек Асқарбекұлы Татарстан мұсылмандары діни басқармасы "Халал" стандарты комитетінің төрағасы Шляпошников Аббяс Фатиховичпен кездесіп, өзара тәжірибе алмасты. Он екінші рет өткізілгелі отырған "Ресей – Ислам әлемі:KazanSummit2021" халықаралық экономикалық саммитіне дайындық барысымен танысты.
"Әлем президенттері мен дипломаттары, белді кәсіпкерлері бас қосатын халықаралық саммитке Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шақыртылуы – біздің ұйымды әлемдік деңгейде жоғары бағалағандарыңыздың көрінісі. Өзара тәжірибе алмасып, ортақ жобаларды жүзеге асыруда, әріптестікті арттырып, іскерлік қарым-қатынасты нығайтуда мұндай шаралардың маңызы зор. Басқосуда күллі мұсылманға ортақ халал мәселесін халыққа насихаттау, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті халал өнім өндіруші кәсіпорындар санын арттыру, екі елдің халал стандарттау және сертификаттау жүйесінде өзара тәжірибе алмасу, мамандарды оқытып, білімін жетілдіру, тұтынушылар арасында «халал» таңбасына деген сенімділікті қалыптастыру секілді мәселелер талқыланды. Өзара екі жақты халал сертификатты мойындау, сертификатталған өнімдерді танып, ешқандай кедергісіз еркін тасымалдап экспорттауға, тауар алмасуға мүмкіндік беру секілді күн тәртібіндегі өзекті мәселелер өз шешімін тапты. Сонымен қатар, ертеңгі саммит барысында екі жақты ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылатын болады", – деп хабарлады Айбек Асқарбекұлы.
Айта кетейік, ертең Қазан қаласында ХІІ халықаралық экономикалық саммит бастау алады. Саммитке Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының делегациясы да қатысатын болады.