Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

12 қазан 2021

48

Жаңалықтар

"HALAL EXPO 2021" КӨРМЕСІ ЖӨНІНДЕ БРИФИНГ ӨТТІ

Халықаралық "Halal EXPO-2021" көрмесі аясында Шымкент қаласы әкімдігі, ақпараттық коммуникациялар орталығында брифинг өткізілді. Брифингке "Халал Даму" директоры Айбек Асқарбекұлы, Ресей мұсылмандары діни басқармасы "Халал стандарттау және сертификаттау" орталығы директорының орынбасары Самат Қаленбекұлы, модератор Жансая Алпамысқызы қатысты.

"Дінімізде адам баласының ақыреті мен дүниесі үшін адал өмір сүріп, халалдан ризығын іздеп, Отанға адал, елге абыройлы қызмет ету – Алла Тағаланың әр мұсылманға жүктеген міндеті. Бұл жөнінде Алла Тағала қасиетті Құранда: «Уа, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» – десе, ардақты Пайғамбарымыз да (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Құлшылық он түрлі нәрседен құралады. Бұл он нәрсенің тоғызы адал ризық іздеуде», – мұсылмандарға адал еңбек етіп, харамнан мейлінше сақтану керектігін өсиет еткен. Адамзат адалдық жолында ерен еңбек етуімен табысқа қол жеткізіп, Алла Тағаланың нығыметіне бөленеді. Кәсібі мен нәсібін адалынан тауып, асыл дініміздің құндылығын жоғары бағалап, тектілігін жоғалтпай күллі мұсылманның алғысына бөленіп жүрген Отандық және шет елдік үздік халал кәсіпорындардың басын қосқан "Halal EXPO 2021" көрмесі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау орталығы, Шымкент қаласы әкімдігінің бірлесе ұйымдастырылды.  Халал индустриясын қолдау, халал өнімдерді насихаттау мақсатында өткізіл отырған көрмеде отандық және шет елдік 50 ең үздік кәсіпорын өз өнімдерін көрермен назарына ұсынуда. Көрме аясында қатысушылар мен кәсіпкерлерге, кәсіпорын қызметкерлеріне арналып оқу-семинар шаралары өткізіліп, үздік 14 кәсіпорын Бас мүфтидің алғыс хатымен марапатталды. Алдағы уақытта мұндай игі шара еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасын табады. Асыл дініміздің құндылығын насихаттап, халалдың дамуына қолдау көрсеткен Шымкент қаласы әкімдігіне алғысымды білдіремін!" – деді Айбек Асқарбекұлы. 

«Адал кәсіп табуға талпыну – парыздан кейінгі парыз», – деген Алла Елшісі. Сонда ғана адал еңбек Алла Тағала алдында мәртебелі болмақ. «Жақсыны көрмек үшін» дейді. Адал, таза өнімдерді көрсету, халалды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған "HALAL EXPO 2021" көрмесі – көршілес елдер мен стандарттау және сертификаттау мекемелері арасындағы әріптестікті нығайтып, сауда нарығындағы жаңа бағыттарға жол ашты", – деді Самат Қаленбекұлы.

Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласы "Көрме" орталығында ұйымдастырылған халықаралық көрменің бүгін соңғы күні.

Бөлісу: