Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

21 қараша 2025

50

Мақалалар

ХАЛАЛ КОСМЕТИКА МЕН ФАРМАЦЕВТИКА

Соңғы жылдары әлемдік сұлулық және фармацевтика индустриясы тұтынушының этикалық, экологиялық және діни талаптарына бейімделе отырып, жаңа бағыттарға бет бұрды. Соның бірі – халал өнімдер нарығы. Бүгінгі таңда халал стандарты тек тағам саласында ғана емес, күнделікті тұрмыста қолданылатын әрбір өнімге, соның ішінде косметика мен дәрі-дәрмекке де тікелей қатысты маңызды өлшемге айналды.

Халал ұғымы жай ғана «адал» немесе «рұқсат етілген» деген түсінік емес. Ол – тұтынушының сенімін, өндірушінің жауапкершілігін және қоғамның рухани тазалығын біріктіретін кешенді жүйе. Халал косметика мен фармацевтика саласының дамуы мұсылман тұтынушылардың діни сенімін сақтауымен қатар, жалпы адамзатқа пайдалы, қауіпсіз және сапалы өнім ұсынуға бағытталған.

Халал косметика – шариғат талаптарына сай, тыйым салынған (харам) заттар мен процестерден ада өнім. Оның құрамында доңыз текті майлар, қан, өлекседен алынған заттар және мас ететін этанол түрлері болмауға тиіс. Сонымен қатар, халал косметика  құрамындағы әрбір компоненттің шығу тегі анық және құжаттық түрде расталуы қажет. Косметика өндірісінде жиі қолданылатын глицерин, стеараттар, кармин (E120) және мускус сияқты компоненттердің көбі жануар тектес болуы мүмкін. Сондықтан олардың әрқайсысы халал жолмен алынғаны арнайы құжаттар мен зертханалық талдаулар арқылы дәлелденуі тиіс. Өнімнің халалдығы шикізат көзінен бастап, өндірістік және логистикалық кезеңге дейінгі барлық процесте қамтамасыз етіледі. Мұндай бақылау жүйесі халықаралық ISO 22716:2007 (GMP) стандартымен үйлестіріліп, оған қосымша шариғи талаптар енгізіледі. Бұл талаптар  тек дінге емес, адам денсаулығы мен экологиялық қауіпсіздікке де бағытталған. Мысалы, халал косметикада табиғи және органикалық ингредиенттер көбірек пайдаланылады. Мұндай өнімдер теріге, шашқа және ағзаға зиянсыз, аллергия тудырмайтын қасиеттерімен ерекшеленеді.

Бүгінде халал косметика нарығы әлем бойынша қарқынды дамуда. Зерттеулерге сәйкес, мұсылман елдерінен тыс мемлекеттерде де халал таңбасы бар өнімдерге сұраныс артқан. Өйткені ол таза, қауіпсіз және сенімді деген ұғыммен тығыз байланысты. Бұл тұтынушы мәдениетінің де, өндіруші этикасының да жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. 

Фармацевтика саласындағы халал талаптар одан да қатаң сақталуы тиіс, себебі дәрі – адам өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін құрал. Сондықтан әрбір капсула, сироп, май немесе инъекция құрамы мен өндірістік процесі мұқият тексеріледі.

Малайзияда қабылданған MS 2424:2019 Halal Pharmaceuticals – General Guidelines және PIC/S GMP нұсқаулығында өндірістік аймақтарды бөлу, дезинфекция, құралжабдықты калибрлеу, шикізатты бақылау сияқты нақты талаптар белгіленген. Мысалы, капсулаларда қолданылатын желатин міндетті түрде халал жануардан алынуы қажет. Егер мұндай дәлел жоқ болса, өсімдік текті HPMC (Hydroxypropyl Methylcellulose) баламалары қолданылады.

Этанол мәселесіне келсек, фиқһ ғалымдары оның қолданылуына қатысты әртүрлі пікір айтқан. Дегенмен, егер ол технологиялық қажеттілік мақсатында және өте төмен қалдық деңгейінде пайдаланылса, «зарурат» қағидаты негізінде рұқсат етілуі мүмкін. Бұл – Ислам құқық ғылымының адам өмірін сақтап қалуды ең жоғары құндылық деп тануының көрінісі.

Зертханалық талдаулар да – халал фармацевтиканың маңызды бөлігі. ДНҚ анализі жануар текті контаминацияны анықтауға, GC-MS (газды хроматография-масс-спектрометрия) этанол қалдығын өлшеуге, ал FTIR/NMR майлар мен эмульгаторлардың табиғи тегін анықтауға мүмкіндік береді. Алайда, бұл әдістер жеке өзі шешуші дәлел бола алмайды, олар құжаттық база, өндірістік бақылау және аудит нәтижелерімен қатар қарастырылуы керек.

Халал косметика мен фармацевтика – заманауи ғылым мен діннің үйлесімді тоғысуының айқын  көрінісі. Бұл ұғым тек өнімнің адалдығын емес, адамның дене және рухани саулығын да қамтиды. Халал қағидаттарына негізделген өндіріс – тұтынушы сенімін арттырып, қоғамның этикалық мәдениетін қалыптастыратын маңызды бағыт.

Халал өндіріс – сапа, тазалық және әділдік ұғымдарын біріктіретін рухани мәдениет. Мұнда әрбір өнімнің артында өндірушінің адалдығы мен жауапкершілігі жатыр. Сондықтан халал индустриясы тек діни талаптарды орындау емес, ол – әлеуметтік жауапкершілік пен тұтынушы алдындағы сенім кепілі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Халал Даму» ЖШС осы бағытта үлкен жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Мекеме халықаралық талаптарға сай халал сертификаттау жүйесін дамытуда, косметика және фармацевтика саласында кешенді зерттеу, аудит және сапаны бақылау тетіктерін енгізіп отыр. Қазіргі таңда бірқатар ірі отандық кәсіпорындар «Халал Даму» сараптамасынан өтіп, өз өнімдерінің халал талаптарына толық сәйкес екенін дәлелдеді. Бұл – тек техникалық жетістік емес, сонымен қатар елдің рухани беделі мен тұтынушының сенімін нығайтқан маңызды қадам. «Халал Даму» мамандары шикізаттан бастап соңғы орамаға дейінгі әрбір кезеңді тексеріп, халал принциптерінің сақталуын тұрақты бақылауда ұстайды.

Сонымен қатар, мекеме халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, зертханалық база мен кадр даярлау жүйесін жетілдіруде. Халал индустрия мамандары арнайы оқыту курстарынан өтіп, шариғат пен технологияны қатар меңгерген сарапшы деңгейінде дайындалады.

Осылайша, халал индустриясы – ғылым, технология және иман бірлігін ұштастыратын заманауи өркениет құндылығы. Ол адамның сұлулығы мен саулығын қамдап қана қоймай, қоғамның рухани тазалығына да үлес қосады. Халал косметика мен фармацевтика саласының дамуы – ұлт денсаулығын, тұтынушы сенімін және өндіруші мәдениетін жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам. Болашақта бұл сала еліміздің экономикасы мен халықаралық имиджін нығайтып, Қазақстанды халал индустриясының сенімді орталығына айналдыруға өз үлесін қосары сөзсіз. 


Жанат АХМЕТҚЫЗЫ,
ҚМДБ «Халал Даму» мекемесінің технологы

Бөлісу: